Шығыс Қазақстан облысындағы Рулиха және Усть-Таловка станцияларының аралығында 47 жастағы әйелді пойыз қаққан. Ол рұқсат етілмеген теміржол рельстерінен өтіп бара жатқан, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қайғылы оқиға 30 тамыз күні болды. 31 тамызда дәл осындай оқиға Қызылорда облысында орын алған. Пойыз машинисі қызды қағып кеткен.
Аталған фактілер бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл жайлы Көлік полициясы басқармасының бастығы Оңал Бекиев мәлімдеді. Оның айтуынша, жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін Департаменттің және оның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Алайда бұған қарамастан теміржолдағы оқыс оқиғалар азаймай тұр.
Жыл басынан бері өтуге рұқсат етілмеген теміржол рельстерін өткен 16 284 адам анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 1616 рет пойыздардың шұғыл тежелуі орын алды.
Биылғы 8 айда елімізде 82 адамды пойыз қаққан. Олардың жартысынан көбі көз жұмды. Оның ішінде кәмелетке толмаған 5 бала бар.