Дзюдодан әйелдер мен ерлер арасында Ақтауда өтіп жатқан ел чемпионатында төрт салмақта жеңімпаз-жүлдегерлер белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР дзюдо федерациясы мәлім еткендей, жарыстың үшінші күні әйелдер арасында 63 кг салмақта алматылық Иоланта Бердібекова топ жарды.
Ол финалда шығысқазақстандық Кристина Сотникованы ұтты. Тағы бір алматылық Саера Мырзахметова мен шығысқазақстандық Зарина Сарипова қола жүлдені қанағат тұтты.
70 кг салмақта шығысқазақстандық Зере Бектасқызының мерейі үстем болды. Түркістандық Перизат Жақыпбекова екінші, Алматы облысының өкілі Жанар Қашқын мен алматылық Даяна Талғат үшінші орынға көтерілді.
Ерлер арасында 81 кг салмақта финалда қызылордалық Абылайхан Жұманазарды сүріндірген елордалық Мәди Амангелді жеңімпаз атанды. Маңғыстаулық Руслан Мұсаев пен түркістандық Ерехан Нұридин қола медальді еншіледі.
Талай додада олжа салған түркістандық Дидар Хамза 90 кг салмақта үздік шықты. Шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаров екінші, қостанайлық Аслан Сағитбек пен ақтөбелік Әділет Мисин үшінші орынға ілікті.