12 жел, 2019 сағат 14:12

Дзюдо: Сметов пен Қырғызбаев «Masters» турнирінде жүлдесіз қалды

Қазақстандықтар Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев дзюдодан Циндаода (Қытай) өтіп жатқан «Masters» турнирінде жүлдесіз қалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Е.Сметов пен Ғ.Қырғызбаев 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін белдесті.

Елдос жартылай финалда испаниялық Франциско Гарригостан ұтылып қалды. Содан кейін кіші финалда ресейлік Роберт Мшвидобадзеге есе жіберді.

Ғұсман ширек финалда отандасы Е.Сметовке жол бергенімен, жұбаныш белдесуінде ұлыбританиялық Эшли Маккензиді тізе бүктірді.

Сосын қола жүлде үшін бәсекеде өзбекстандық Шарафоддин Лутфуллаевпен татамиге шықты. Бұған дейін қарсыластар үш мәрте кездесіп, соның екеуінде өзбекстандық дзюдошы ұтқан екен. Соның ішінде биыл Токиода өткен әлем чемпионатының жартылай финалында Ш.Лутфуллаевтың басым түскені белгілі.

Бұл жолы Ғ.Қырғызбаев үш мәрте ескерту алып, жеңіс қарсыласына берілді.

Осылайша Е.Сметов пен Ғ.Қырғызбаев бесінші орынды қанағат тұтты.

Бұл салмақта финалда Ф.Гарригосты таза жеңген әлемдік рейтингте көш бастап тұрған жапониялық Рюдзю Нагаяма чемпион атанды.

Токиодағы әлем чемпионатында Е.Сметов жартылай финалда дәл осы Р.Нагаямадан ұтылып, қола жүлде үшін бәсекеде отандасы Ғ.Қырғызбаевты жеңген болатын.

Әйелдер арасында қазақстандық Отгонцэцэг Галбадрах 48 келіге дейінгі салмақта жетінші орынмен шектелді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық дзюдошылардың Қытайда өтетін турнирге қатысатынын жазған болатынбыз.