Лондондағы «Уэмбли» аренасында аса ауыр салмақтағы әлем чемпионы Энтони Джошуа мен WBA Regular нұсқасы бойынша әлемнің бұрынғы чемпионы Александр Поветкин арасында кәсіпқой бокс кеші өтті, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА сhampionat.com сайтына сілтеме жасап.
Аталмыш кездесудің алғашқы бөлімінде боксшылар тең келе жатқан, алайда Поветкин қарсыласын алғашқы раундтың соңында әжептәуір қалжыратып тастады. Ресейлік қашықтықты ұдайы қысқартуға тырысып, бүйір жақтан соққы жасауға әрекет жасады. Ал Джошуа ресейлік боксшымен бетпе-бет келуге тырысты.
Жетінші раундта Джошуа белсенділік танытып, шабуылды үдете түсті және қатарынан бірнеше соққысын дарытып үлгерді. Нәтижесінде ресейлік нокдаунға түсіп, әзер дегенде есін жиды. Джошуа болса шабуылын одан сайын күшейте түсіп, Поветкиннің қорғануға шамасы келмей қалды. Ақыры төреші сайысты тоқтатуға мәжбүр болды.