«Үндістанда анықталған COVID-19-дың жаңа нұсқасы Дельта вирус әлем бойынша тез таралып, вирустың басым нұсқасына айналуда. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының аға ғылыми қызметкері Сумья Сваминатан айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" cnbc сайтына сілтеме жасап
«Бұл нұсқа басқаларына қарағанда тез жұғады, сол себепті тез таралып отыр», деп мәлім етті Сумья Сваминатан ДДСҰ-ның Женевадағы штаб-пәтерінде өткен баспасөз мәслихатында.
Зерттеулер Дельта нұсқасының Ұлыбританияда анықталған Альфа нұсқасына қарағанда 60%-ға жұқпалы екенін көрсетті. Ал ол 2019 жылдың аяғында қытайлық Уханьда пайда болған бірінші штамға қарағанда жұқпалырақ болған.
Сәрсенбі күні ДДСҰ COVID-19-дың коронавирус инфекциясының бұл нұсқасы әлемнің 80-нен астам еліне тарап, мутацияланып отырғанын хабарлады. Ауруларды алдын алу және бақылау орталығының дерегінше, ол қазіргі кезде АҚШ-та анықталып жатқан жұқтыру оқиғаларының 10%-ын құрайды, өткен аптада бұл көрсеткіш 6% болған.
Сумья Сваминатанның айтуынша, ғалымдарға вирустың бұл нұсқасы туралы, сонымен қатар оған вакциналардың әсер етуі туралы көбірек дерек қажет.
CureVac неміс компаниясы апта басында өзінің коронавирусқа қарсы вакцинасын клинакалық сынақтан өткізген. 40 000 адам қатысқан сынақ нәтижесінде вакцина 47% ғана тиімділік көрсетті. Оның себебін компания жаңа штамдардың пайда болуы деп санайды.
Англияның Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі дүйсенбі күні жариялаған талдау нәтижелеріне сәйкес, Pfizer-BioNTech немесе AstraZeneca вакциналарының екі дозасы Дельта штамына қарсы жоғары тиімділігін көрсеткен.