Фото: Ашық дереккөз
Белгілі жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков өмірден өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Қаралы хабарды ақын Қасымхан Бегманов жеткізді.
"Қайран, Дулат ағам-ай, мынау жарық дүниеден Сіздің де кеткеніңіз бе? Осы қазір ғана, он - он бес минут бұрын Естияр Дулатұлы інішегім маған осынау алапат қайғылы хабарды жылап тұрып жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Әбдешұлына, қалабасының төңірегіндегі жігіттерге, басқа да ел ағаларына қаралы хабарды жеткіздім. Қазір өзім ағамның үйіне қарай кетіп бара жатырмын... Иә, Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің классигі, жазушы-драматург Дулат Исабеков өмірден өтті. Қазақ халқына қатты қайғырып көңіл айтамын."- деп жазды ол.
Дулат Исабеков 1942 жылдың желтоқсанның 20-сы күні Арыс ауданының "Ленин жолы" ауылында дүниеге келген.
1966 ж. - Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген;
1967—68 ж. - Қазақстан Республикасы Телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетте аға редактор;
1968-70 ж. - Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор;
1971—76 ж. - "Жұлдыз" журналында бөлім меңгерушісі;
1976—80 ж. - "Жалын" баспасында редакция меңгерушісі;
1980-88 ж. - Қазақстан Республикасы Мәдениет министр репертуарлық-редакциялық коллегияның бас редакторы;
1988— 97 - жылы Қазақ теледидарының бас редакторы, "Жазушы" баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы;
1997 жылдан Қазақстан Республикасы Мәдениеттану ғылым зерттеу институтының директоры.
Алғашқы әңгімесі "Жолда", "Замандастар" атты жинақта 1963 жылы жарияланды. "Бекет" (1966), "Ащы бал" (1969), "Мазасыз күндер" (1970), "Қара шаңырақ" (1973), "Тіршілік" (1975) повестер мен әңгімелер жинақтары, "Қарғын" (1980) романы басылды.
Тандаулы повестері "Екі жиырма" (1983) деген атпен жарық көрді. Бір-қатар шығармалары орыс тіліне аударылып, "Полынь" (1978), "Отчий дом" (1979), "Смятение" (1986), "Новоселье в старом доме" (1986) деген атпен басылды. Жекелеген туындылары венгр, неміс, поляк, чех тілдерінде жарияланды. Исабектің "Ректордың қабылдау күндері" (1975), "Әпке" (1977), "Ертеңгі күту" (1979), "Мұрагерлер" (1982), "Алыстан келген ананас" (1984), "Кішкентай ауыл" (1986), т.б. пьесалары республика, облысы театр сахналарында қойылды. Тандаулы пьесалары "Жеті желкен" 1987 жылы жарық көрді. Жекелеген туындылары бойын¬ша "Гауһар тас" (режиссер Ш.Бейсембаев, 1975), "Дермене" (режиссер Асанәлі Әшімов, 1986) көркем фильмдері түсірілді. "Мұрагерлер" пьесасы үшін оған Қазақстан Жазушылар одағында Мұхтар Әуезов атындағы сыйлығы берілген (1985)