21 қаз, 2020 сағат 15:31

ДСМ жұмысын бастайтын кинотеатрларға қойылатын талаптар алгоритмін жариялады

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят 26 қазаннан бастап жұмысын бастайтын кинотеатрларға қандай талаптар қойылатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кинотеатрдың жұмысына «жасыл аймаққа» кіретін өңірлерде, эпидемиологиялық жағдайы тұрақты, ауру жағдайы жоқ аймақтарда ғана рұқсат беріледі. Кинотеатрларға барғанда коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында министрлік белгілі талаптар алгоритмін бекітті. Олар: кіру билетін мүмкіндігінше онлайн режимде сату, залдардың толуын 30 пайыздан асырмау, сонымен бірге отырғызу кезінде әлеуметтік арақашықтық сақталуы тиіс. Сонымен қатар залдарды дезинфекциялау үшін кемінде 30 минуттық сессиялар арасында үзіліс сақталуы керек. Әлеуметтік арақашықтық пен маска режимі сақталуы тиіс. Нысан ашылғанға дейін дезинфекция құралдарын қолдана отырып, жалпы тазартып тұру керек. Кіреберістегі қызметкерлер келушілердің маска режимін сақтауының, дене қызуының өлшенуіне қамтамасыз етеді», - деді Ажар Ғинаят ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. 

Вице-министрдің айтуынша кинотеатрдағы желдету және ауа баптау жүйелері үздіксіз жұмыс істеуі тиіс. 

«Кинотеатрлардың бәрінің жұмысын санитарлық дәрігерлер тексеріп, жекелеп рұқсат беретін болады. Егер барлық шаралар сақталса, олардың жұмыс жүргізуге рұқсат беріледі», - деді ол.