07 қаз, 2020 сағат 16:35

ДСМ жасырын спорт жарыстарының өткізілуіне қатысты түсініктеме берді

Орталық коммуникациялар орталығында өткен онлайн брифингіде ҚР ДСМ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Төрағасы Тимур Сұлтанғазиев «құпия» спорт чемпионаттарын өткізу туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Онлайн брифинг барысында футзал бойынша Қазақстан кубогы жасырын жарыс өткізіп жатқандығы туралы сұрақ қойылды. Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Командалар ойнай бастады, бірақ Федерациядан нәтижелерді жарияламау және турнирлерді жарнамаламау туралы нұсқау алған. ҚР ДСМ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Төрағасы Тимур Сұлтанғазиев бас санитарлық дәрігердің бұйрығы бойынша спорт командаларына дайындалуға тыйым салынбағанын атап өтті. 

«Жұмыс істейтін спорт ғимараттары бас санитарлық дәрігердің шешіміне сәйкес тексерілуі керек. Карантин режимін бұзудың нақты фактілері бойынша ақпарат орталық аппарат комитетіне тікелей түскен жоқ. Егер мұндай жағдай орын алса, қаулыны қай өңірдің қандай спорт командасы бұзғанын айтып өту керек», - дейді ҚР ДСМ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Төрағасы Тимур Сұлтанғазиев. 

Ол адамдар көп жиналатын спорт шараларын ұйымдастыру туралы сөз қозғауға әлі ерте екенін айтты. 

«Біз эпидемиологиялық жағдайдың, әсіресе шетелде, өте шиеленісті болып жатқанын көріп отырмыз. Көптеген спорт жарыстар шетелдік спортшылардың қатысуын да көздейді. Спортшылар арасында да коронавирус жұқтырған жағдайлар болғанын білеміз. Тиісінше, бүгінгі таңда мұндай мәселе ведомствоаралық комиссия деңгейінде шешіледі», - дейді ол.