ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова вакциналау туралы паспортты сатып алғандарға үндеу жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Паспорттың рас-өтірігін тексеру мүмкін емес, адамның өзі вакцина алмағанын, жалған құжат жасатқанын мойындаса ғана ашылады. Бұл ретте, құрметті қазақстандықтар, сіздер вакциналау паспортын сатып алғанда кем дегенде реанимацияға билет сатып алғаныңызды ескеріңіз. Сондықтан, мемлекет тегін қорғануға мүмкіндік беріп отырғанда және сіз өз қаражатыңызды жалған паспортқа жұмсағанда, жоғарыда айтқанымдай, ауырып қалуға тіпті қайтыс болуға жолдама алғанмен тең боласыз. Сондықтан, өздеріңіз ойланып көріңіздер», - деді А. Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сонымен бірге, спикер қолдан жасалған паспорт үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
«Паспортты қолдан жасау үшін де, қолдан жасау процедурасы үшін де, оны сатып алу үшін де жауапкершілік қарастырылған. Денсаулық сақтау министрлігінің өзі ведомствоаралық комиссияда жалған вакциналау паспорттары мәселесін көтерді. Ішкі істер министрлігі қолдан жасалған паспорттар бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғады. Әсіресе, вакциналаудың тиімділігіне күмән келтіріп жатқанда бұған жол беруге болмайды. Вакциналау паспортын сатып алмай тұрып, өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығына қауіп төндіретініңізді ойлаңыз, себебі вирус тасымалдаушысы болуыңыз әбден мүмкін», - деді Айжан Есмағамбетова.