Марапат адамды өсіруі де, өшіруі де мүмкін. Мұндай пікірді Қазақстанның халық әртісі, екі дүркін Мемлекеттік сыйлықтың иегері Досхан Жолжақсынов «Отан» орденін салтанатты түрде табыс ету шарасында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен үшін бүгін- ерекше күн. Еңбектің бағаланғаны үлкен шаруа. Марапат кейде адамды өсіруі де, өшіруі де мүмкін. Сондықтан абай болған абзал. Десекте, осының бәрі ертеңгі күнің бағыт- бағдарына себебін тигізетініне сенгім келеді. Жалпы, өнер, мәдениет, әдебиет адамының жазған, түсірген, айтқан дүниелерін халқы құры мақтамай, орнымен бағасын беріп отырса, өнер адамының мерейі үстем болады. Өнердің тұғыры ол- шабыт. Оған күн, түн демей ізденуің керек. Осының бәрі рахат өмір. Біріншіден, менің тырнақ алды дүниелеріме ризашылық білдірген, түсініп қараған көрермендеріме алғыс айтқым келеді»,- дейді Досхан Жолжақсынов.
Сонымен қатар, ол бұл жетістігі жанындағы шығармашылық адамдар мен отбасының арқасы екенін жеткізді.«Әлемдік тенденцияда кез келген ұлт, нәсіл өзінің төлтумалық тұғырын іздеумен күресіп келеді. Бұл қазіргі ғасырда айқын көрінуде. Бұл жаңа бетбұрыс деп түсінемін. Осы бетбұрыс біздің елде ертерек басталғандай. Өйткені Елбасымыз айтқан «Рухани жаңғыру», Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай туралы ауқымды мақаласы мұның бәрі бізге күш-қуат береді. Бүгінгі жетістігім жанымдағы шығармашылық адамдарының үлесі, үйдегі жарымның, балаларымның үлесі деп білемін», - деді «Отан» орденін иегері.
Айта кетейік, бұл мәртебелі марапат танымал актерге ұлттық мәдениетті, кинематографияны және театр өнерін дамытудағы айрықша үлесі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен берілді.
Бүгін Алматыда Мемлекеттік хатшы Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсыновқа «Отан» орденін салтанатты түрде табыс етті.