Допты хоккейден бүкілресейлік жарыста (жоғары лига) өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» алғашқы жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Николай Шавалдин жаттықтыратын оралдықтар кезекті кездесулерін Первоуральскіде Свердлов облысының ««СКСО »СКА-Свердловск» командасымен өткізді.
Бірінші бәсекеде айдын иелері қонақтарды 3:2 есебімен ұтты. Мұнда «Ақжайық» сапындағы ресейлік легионер Максим Пахомов қос голдың авторы атанды.
Екінші ойында батысқазақстандықтар 4:2 есебімен есе қайырды. Бұл жолы Андрей Гущин қарсыластар қақпасына екі доп енгізсе, тағы бір ресейлік Артем Лапшин мен М.Пахомов бір-бір голдан соқты.
Осылайша бастапқы үш ұпайына қол жеткізген «Ақжайық» екінші топта бесінші орында келеді.
Оралдықтар келесі матчтарын 10-11 желтоқсанда Краснотурьинскіде «Маяк» командасымен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» «Никельщиктен» ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.