ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев докторантураға түсу емтиханы қалай жүргізілетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы жылы докторантурада үлкен өзгерістер болды. Докторантураға түсу ережесіне өзгерістер енгізілді. Оның ішінде түсу емтиханы жаңа форматта өтеді. Докторантураға құжаттар жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы Ұлттық тестілеу орталығының сайтында қабылданады. Енді түсушілер түсу емтихандарын өңірлік тестілеу орталықтарында компьютерлік форматта тапсырады. Келесі күні емтиханның қорытындысы шыққаннан кейін нәтижесімен келіспеген жағдайда түсуші аппеляцияға өтініш бере алады», - деді ол министрліктің аппарат жиналысында.
Департамент басшысының атуынша, докторантураға түскен білім беру грантының иегерлерінің тізімі жоғары оқу орындарының сайттарында жария етіледі.
«Докторантураға түсуші тіркелу барысында жеке мәліметтерін толтырып, түсу жоспарланған бір білім беру бағдарламасын және 1 жоғары оқу орнын таңдайды. Емтиханды өткізу уақыты мен орны түсу емтиханы басталғанға дейін Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланады. Докторантураға түсу емтиханы эссе жазудан - 20 балл, оқуға дайындығын анықтауға арналған тесттен – 30 балл және бейінді білім беру бағдарламасы бойынша сұрақтарға жауап беру 50 баллдан тұрады. Қорытынды баға аталған бөлімдер баллының қорытындысымен бағаланды», - деді Әділет Тойбаев.