Суға жүзуден Рио жазғы Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин Азиада-2018 ойындарының тағы бір қола медаліне қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дмитрий Баландин кезекті жүлдесіне 50 метрлік қашықтыққа брасс əдісімен жүзу сайысында ие болды. Аталмыш қашықтықта бірінші жəне екінші орынды жапон жəне қытай спортшылары иеленді.
Еске сала кетсек, бүгін велоспорттан жекелей сында қазақстандық Алексей Луценко жеңімпаз атанып, үшінші алтынды ел қоржынына салған болатын. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы Азия ойындарындағы жалпы есепте Моңғолияны артқа сырғытып, 12-ші орыннан 11-шы орынға көтерілді. Дәл қазіргі есеп бойынша Қазақстан еншісінде 3 алтын, 7 күміс, 22 қола медаль бар.
Айта кетерлігі, бұған дейін Азиада ойындарында Дмитрий Баландин 100 метрге брасс әдісімен жүзуде Азия ойындарының қола жүлдегері атанған болатын.