26 жел, 2020 сағат 10:20

Disney анимациялық фильмдеріндегі сүйікті әндер қазақ тілінде орындалады

27 желтоқсанында сағат 15:00-де «ASTANA TV» телеарнасында «Жұлдыздар шеруі» атты «Disney» киноконцерті телевизиялық форматта көрсетіледі. Онда анимациялық фильмдердегі әндер қазақ тілінде шырқалатын болады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Киноконцерт – бұл бір мезгілде эстрадалық-симфониялық оркестр мен әйгілі орындаушылардың сүйемелдеуімен үлкен экраннан Disney фильмдерінің үзінділерін қарау. Киноконцерт ерекшелігі – оның интерактивті форматта өтетіні. Музыка экрандағы көрініспен дәл сәйкес келуі керек, оркестрдің темпі пен ырғағы соған байланысты. 

«Жұлдыздар Шеруі» киноконцертінің бірегей бағдарламасы Қазақстан үшін арнайы жасалған. Бағдарламаға барлығы аты аңызға айналған Disney-дің 11 анимациялық фильмінен қазақ тіліндегі 22 композиция кірді: «Сұлу мен Құбыжық», «Аладдин», «Моана», «Мұзды Өлке», «Арыстан Патша», «Мулан» және басқалары. Фильмдердің музыкасын танымал композиторлар, көптеген сыйлық иегерлері: Ханс Циммер, Алан Менкен және Джерри Голдсмит жазған. Киноконцертте орындалған саундтректер 11 «Оскар» сыйлығын алған.

Әндердің басым бөлігі «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тіліне дубляждалған фильмдерден алынған. Қалғандары киноконцерт үшін қазақ тіліне арнайы аударылған.

Киноконцерттің мақсаты – сүйікті Disney кейіпкерлері арқылы қазақ тілін және классикалық музыканы дәріптеу.