27 мау, 2024 сағат 12:27

«Дипломмен – ауылға»: Ертіс-Баян өңіріне келген жас мамандарға 9 млн теңгеден астам қаражат беріледі

Сурет: aikyn.kz

Биыл Павлодар облысының ауылдық жерлеріне еңбек етуге баратын 167 жас маманға баспана сатып алу үшін арзан несиелер беріледі деп күтіліп отыр. Бұл туралы Павлодар облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Дамир Төлебаев хабарлады.

Аудандарға табан тіреген жастарға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы төленеді. Биыл мұндай көмекті 442 азамат алады деп жоспарланған.

«Аудан орталықтарына жұмыс істеуге барған жас мамандарға 2500 айлық есептік көрсеткішке дейін (9 млн 230 мың теңге), ауылдарға барғандарға 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін (7 млн 384 мың теңге) бюджеттік несие беріледі. Ең басты талап — жастар әлгі елді мекенде кемі үш жыл жұмыс істеуі керек. Қазіргі уақытта аудан-қала әкімдіктері өз аумақтарына қажет мамандарды тізімін түзіп жатыр. Бюджеттік несиелер «Отбасы банк» арқылы ресімделсе, ал жұмысты жергілікті экономика бөлімдері жүргізеді», - дейді Павлодар облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Дамир Төлебаев.


Еске сала кетейік, Үкімет басшысы жас мамандарды жұмысқа орналастыруға ерекше назар аудару керектігін тапсырды.