Бүгінгі таңда қазақстандықтардың исламға деген қызығушылықтары үздіксіз өсу үстінде. Оның ішінде дінге бет бұрып, шариғат үкімдерін орындаушылар саны өсіп жатқандығы айқын аңғарылады. Әсіресе, жастар арасында бұл құбылыс ерекше көрініс табуда.
Исламға ден қоюшылық ауылды жерлерге қарағанда қалалар мен аудан орталықтарында анағұрлым айқын байқалуда. Себебі қалалық жерлерде діни мағлұмат алудың, уағыз тыңдаудың мүмкіндіктері әлдеқайда молырақ. Ірі қалаларда жергілікті және шетелдік жоғарғы оқу орындары мен мерзімдік медреселерде білім алған дін мамандарының шоғырлануы да бұл жағдайдың әсерін тигізуде. Сондай-ақ діннің таралуында түрлі заманауи ақпарат тасымалдау құралдары мен электрондық-техникалық жабдықтардың зор ықпалы бар. Діни көзқарасты қалыптастыруда әлемдік деңгейде хабар таратушы Интернет желісінің рөлі ерекше.
Дінді уағыздаушылар арасында Ислами сенім негіздерінің төңірегінде пікір қайшылықтары мен келіспеушіктер кездеседі. Олардың пікір қайшылықтары дінді жаңадан үйренушілерге кері әсерін тигізу фактілері де көрініс табуда. Діни уағызшылары арасындағы ой-толғам қайшылықтары негізінен сенім негіздері (ақида), Жаратушының сипаттары, діни дереккөздер (Құран, сүннет, ижмағ, қияс) т.б. тақырыптар шеңберінде пайда болған. Түрлі ағымдардың қалыптаса бастауына орай, дінге сенушілерді дұрыс ақпараттандыру арқылы ел ішіндегі ыдыраушылықты болдырмауға бағытталған нақты әрекеттер жасалуы қажет.
Сондай-ақ қазіргі уақытта көрініс тауып отырған экстремистік, саяси, шағын корпоративтік мақсаттарды шешу үшін исламдық діни сенімнің шынайы мағынасын бұрмалауға деген талпыныстар да кездеседі.
Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми ислам ұйымы ретінде назардан тыс қала алмайды. ҚМДБ Қазақстандағы исламның жаңғыру процесстерінің қақ ортасында болуы тиіс. Осы процесстермен қатар жүретін келеңсіз үрдістерді тиімді шешу жолдарын іздестіруді өзінің басты міндеттерінің бірі деп біледі.
ҚМДБ қазіргі заманғы қазақстандық мұсылман қауымының негізгі проблемаларын анықтап, қоғамдағы исламның рухани-имандылық және гуманитарлық ықпалын кеңейту, қазақстандық қоғамның барлық мүшелері мен мемлекеттің мүдделерін, қазақстандық заңнамалардың нормаларын ескере отырып, республикадағы мұсылман қауымының арасында орын алып отырған проблемалы мәселелерді шешу жөнінде нақты бағыттар мен тетіктерді шешу жолдарын қарастырады.
Қазақстанда дінге сенетін халықтың 70% тарихи тұрғыда Имам Ағзам мазхабының сунниттік бағытын ұстанатын мұсылмандар болып табылады. Республикадағы мұсылман қауымының басым бөлігін құрайтын қазақ ұлтымен қатар өзбектер, ұйғырлар, татарлар, қырғыздар, әзірбайжандар, тәжіктер, гүрділер, дұнғандар, шешендер мен өзге этностар ислам дінін ұстанады. Осы орайда, біздің еліміз ағартушы исламның өзіндік терең тарихи дәстүрлерге ие екенін атап өту қажет. Ислам қазақ топырағына VIII ғасырдың соңы IX ғасырдың басында ене бастады. Ал X ғасырда Қарахан империясының мемлекеттік діні болып жарияланды. XII-XIV ғасырларда Қазақстан исламның ханафиттік мазхабының орталықтарының бірі ретінде танылды. Еліміздің аумағында әлемдік ислам ойларына маңызды үлес қосқан ислам діні мен мәдениетінің көрнекті қайраткерлері өмір сүрді.
Көрнекті ғалымдар мен ойшылдар әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Маһмут Қашғари, һибатулла Тарази, Ахмет Ясауи, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпей, Абай Құнанбайұлы мен басқа да көптеген қайраткерлер бай рухани мұра қалдырды. Ендігі кезекте, олардың дін мәселелеріне қатысты еңбектерін жүйелендіру міндеттері тұр.
Ислам қазақтың тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі бола отырып, кеңестік басқару дәуірінде басқа да діндер сияқты тыйым салынған діндердің қатарында болды. Көптеген жылдар бойы біздің халқымыз ислам сияқты өмірлік маңызы бар руханият пен мәдениеттіліктің қайнар көзіне қол жеткізуден аластатылды.
Қазіргі Қазақстан Республикасында орын алған діни ахуал, сараптама қорытындыларына сәйкес, бұл саладағы жұмыстарды әлдеқайда жетілдіру қажеттігін көрсетеді.
1990 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дербес ұйым ретінде құрылуы республикамыздағы дәстүрлі исламдық құндылықтарды жаңғырту мен дамыту, қазақстандық мұсылман қауымын шоғырландыру тұрғысында елеулі маңызға ие болды. Содан бері ислам діні қалыптасу кезеңінен өтіп, өзіндік келбетін қалыптастырды. Мұсылмандар діни басқармасы – Мүфтият еліміз үшін дәстүрлі болып саналатын исламның ханафиттік мазхабын тарату жөнінде бірқатар жұмыстар атқарумен келеді.
Дінді дәстүрлі ғұрыптық-мәдени саладағы әрекет деп түсінетін ел тұрғындарының Ислам дініне деген қызығушылықтарына жауап бере білуде діни институттардың ықпалы ерекше. Болмаса көпшілік халықтың Ислам туралы түсініктері, негізінен, діни мерекелердің (Ораза айт, Құрбан айт), отбасылық және жеке өмірдегі мұсылманшылық кәделердің (неке, жаназа т.б.) айналасында екендігі белгілі. Бүгінгі күндері дінді ұстанып, оның шариғи үкімдерін орындаушылардың басым бөлігі жастар.
Демократиялық қайта құрулар, ар-ождан және діни сенім бостандығына арналған құқықтарды жолға қою жұмыстары мұсылмандарға өздерінің діндерін еркін ұстануларына, діни бірлестіктер құруға, мешіттер салуға, қасиетті жерлерге кедергісіз қажылыққа барып келуге мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта тіркеуден өткен исламдық ұйымдар мен мешіттердің барлығы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрамына кірді.
ҚМДБ-ның дербес ақпараттық ресурстары – «Ислам және өркениет» пен «Ислам» газеттері, оған қоса интернет-сайты бар. 2009 жылы республикада «Асыл Арна» исламдық телеарна өз жұмысын бастап, ҚМДБ-мен өзара тығыз әрекеттестікте ислам құндылықтары мен қазақ халқының әдет-ғұрпы мен дәстүрін насихаттауда біршама ауқымды жұмыстар атқаруда.
Мемлекетіміз тарапынан діннің жаңғыруына жағымды жағдайлар жасалуы дәстүрлі емес діндердің, жалған діндердің, радикалды ілімдер мен ұйымдардың елімізге кедергісіз енуіне де мүмкіндік бергені анық. Олардың қатарында «Хизб-ут-Тахрир», салафиттер, вахабиттер, құраниттер және басқа дінге қатысты ағымдағылар да бар.
Олардың көпшілігі Қазақстанды тегіс исламдандыру мақсаттарын ашық білдіріп, мемлекетіміздің зайырлылық сипатын мойындамайды, қолданыстағы конституциялық құрылымды құлатуға шақырып, теократиялық мемлекет орнату үшін билікті күшпен басып алуды көздейді.
Діни пікір қайшылықтар дінді жаңадан үйренушілерге кері әсерін тигізбей қалмауда. Ол қайшылықтары сенім негіздері (ақида), Жаратушының сипаттары, діни дереккөздер (Құран, сүннет, ижма, қияс) т.б. тақырыптар шеңберінде пайда болған.
Мұндай ұйымдардың қызметтері дәстүрлі қоғамдық құндылықтарды бұзуға, жаппай өздерінің ұстанымдарына бағындыруға, көп жағдайда, коммерциялық пайда табуға бағытталған.
Бұл ұйымдар қоғамның тарихи қалыптасқан конфессиялық құрылымын ескермейді, Қазақстан үшін дәстүрлі болып саналатын діндерді, ең алдымен ислам дінін құрметтемейді. Көптеген жалған исламдық ұйымдар мен топтар ҚМДБ-ға баламалы ұйым ретінде әрекет етеді, жік-жікке бөлінуді, қазақстандық мұсылмандар қауымының ішіндегі жанжалдарды арандата түсуді көздейді.
Бүгінгі таңда қоғамда толеранттылық дүниетанымды нығайту арқылы экстремистік пиғылдардың алдын алу амалдары күн тәртібіне қойылған.
Қазіргі заманғы имам тек исламның қағидаларын ғана біліп қоймай, зайырлы білімді де түбегейлі білуі тиіс, тез тіл табысқыш әрі халықпен жұмыс істей білуі, әлеуметтік-саяси өмірдің мәселелеріне бейімделуі керек. Қазіргі уақытта діндарлардың арасында жоғары білімді, патриотизмге икемделген және Пайғамбардың өсиеттерінне сай имамдар бар. ҚМДБ басшылығы мұндай имамдарды жұмыстың отандық және негізгі жерлеріне тартатын болады. Олардың біліктілігі мен білімі деңгейін арттыру үшін беделді исламдық оқу орындарына мерзімді жіберіп отыруды жоспарлы жүргізіледі.
Елімізде исламды дамыту шараларының қомақты бір бөлігін діни оқу-ағарту істері құрайды. Діни білім берудің бағдарламаларын жасағанда, заңсыз жолдар арқылы діни білім беруге тырысушылардың әрекеттеріне жол бермеу амалдары ескеріледі. ҚМДБ талантты да іздемпаз студенттерді іздеп табу мақсатында «Нұр Мүбарак» университеті мен медреселермен тұрақты түрде өзара іс-қимыл жасайды. Болашақта бұл студенттер бірінші түлектердің қатарында ҚМДБ қызметіне тартылуы қажет. Қабілеттері мен қажеттіліктеріне қарай оқу орындары түлектерін оқуларын одан әрі қарай жалғастырулары үшін тиісті шетелдік исламдық оқу орындарына жолдау тәжірибесі іске асырылады. Діни оқу орындары студенттерін мамандықтары бойынша тәжірибеден өткізу, ал жоғары оқу орындары студенттерін ақпараттық-насихаттық жұмыстарын жүргізуге баулу университет пен медреселердің оқу бағдарламаларда көрсетіліп, іске асырылулары қажет.
«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің жанынан ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, ол жерде Ханафи мазһабын ұстанған қазақ жерінен шыққан дін ғалымдарының өмір баяны мен еңбектерін зерттеп-зерделеп, оларды көпшіліктің игілігіне ұсыну жұмыстары қолға алынуы тиіс.
«Нұр-Мүбәрак» университеті басқа жоғарғы оқу орындарының студенттеріне қазіргі қоғамдағы өзекті діни мәселелердің мәні мен астарын ашатын әрі олардың шешімін тұжырымдайтын магистрлік және докторлық ғылыми жұмыстардың тақырыбын ұсынып бекітуді қарастырып, жолға қою керек.
ҚМДБ үшін маңызды қадрлық қайнар көздердің бірі - шетелдік исламдық оқу орындарының студенттері мен түлектері Мұндай азаматтардың арасында білімді әрі патриот, исламның ханафиттік мазхабын ұстанатын және ҚМДБ ынтымақтастық жасауға дайын азаматтар бар.
Ислам дінінің дұрыс бағытта дамуына жағдай жасау үшін шетелдік ислами оқу орындарында білім алуды қалайтын жастарға Қазақстан үшін тиімді шетелдік жоғарғы оқу орындарының тізімін жасап бекітудің айрықша мәні бар. Қазақстандық жастар тек отандық оқу орындарын аяқтағаннан кейін ғана шетелдік исламдық жоғары оқу орындарында оқулары керек, бұл маңызды мәселе. Қазақстандықтарды шетелдік исламдық оқу орындарына жолдайтын негізгі арнаны ҚМДБ өзіне алуы керек деген пікірді қолдай отыра, осы ұстаным мемлекет, көпшілік тарапынан қолдау тапқан жағдайда ол жетекші шетелдік исламдық оқу орындарымен тұрақты түрде байланыс орнатуға баса көңіл бөлуге дайын екендігін білдіреді.
(Материал ҚМДБ-ның мақұлдауымен жарияланды)
Ағабек Қонарбайұлы
ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы