15 шіл, 2021 сағат 18:26

Діни басқарма мешіттерге «Аshyq» жүйесін енгізуді қолдайды


ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мешіттерге «Аshyq» мобильді қосымшасын енгізу туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мешіттерге «Аshyq» жүйесі енгізіле ме? Енгізілсе, бұл жұмыстар қашан басталады?», - деген сұрақ қойылды Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. «Қазіргі уақытта біздің тәжірибемізде ашық жүйесі енгізілген жоқ. Дегенмен, біз оған дайын екенімізді Денсаулық сақтау министрлігіне хабардар еттік. Егер де мешіттерге ашық жүйесі қойылса, біз оны қолдаймыз және жамағатпен жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіземіз. Әрине, біз үшін ең бастысы – елдің, халықтың амандығы, денсаулығы», - деп жауап берді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетейік, биыл құрбандық шалатын арнайы орындарда «ASHYQ» мобильді қосымшасы іске қосылады. «Қызыл» және «сары» мәртебесі бар азаматтар құрбандық шалу орындарына жіберілмейді, онда «көк», «жасыл» мәртебесі барлар ғана кіргізіледі.

Биыл 20 шілде – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Ал арапа күні 19 шілдеге сәйкес келеді.