Фото: ашық дереккөз
Смағұл Көшекбаев – қазақтың дарынды композиторы, домбыра өнерінің майталманы және Екінші Дүниежүзілік соғыстың батыры.
Ол Атырау облысы, Теңіз ауданында, сыйлы отбасы Көшекбай мен Шұға анамыздың шаңырағында дүниеге келген. Әкесі Көшекбай – іскер әрі қолы шебер адам болса, анасы Шұға – халық әндерін шебер орындайтын ибалы қазақ келіні еді. Смағұл бала кезінен зерек болып, домбыра тарту мен ән айтуға бейім болды.
Ағартушылық қызметі
Жас Смағұл Махат ауылындағы төрт жылдық мектепті үздік бітіріп, білімін Ақтөбе және Орал қалаларында жалғастырды. Орыс тілі мұғалімі куәлігін алып, өзінің ағартушылық қызметіне кірісті. Сол уақытта патша үкіметі қазақ жастарын әскерге алу туралы жарлық шығарып, ел арасында толқулар туындады. Смағұл әділетсіздікке қарсы шығып, халықты өлеңдерімен жігерлендіріп, басшылыққа наразылық білдірді.
Смағұл Қазан төңкерісі мен Азамат соғысы кезіндегі қиын-қыстау кезеңдерде ел мен жерді қорғауда белсенділік танытты. Оның өлеңдері жалғандық пен әділетсіздікке қарсы өткір қару болды. Кеңес үкіметі орнаған соң, Смағұл мұғалімдік пен ағартушылық қызметін жалғастырып, балалар мен ересектерге білім беруге күш жұмсады. Ол республикада алғаш рет оқушылардың көркемөнерпаздар үйірмесін ашып, шәкірттерін халық өнерінің жауһарларына баулыды. Домбыра ансамблі мен хор ұйымдастырып, ауылдарда концерттер өткізді. Сонымен қатар, әйелдер мен қыздардың қоғамдағы орнын көтеруге бағытталған шығармалар жазды. Оның "Қаракөз", "Ақторғай", "Ақын қыз", "Жас талап" сияқты туындылары халық арасында кеңінен тарады.
1926 жылы Смағұл Мұрат ақсақалдың қызы Ынтамен отау құрып, үлгілі отбасын құрды. Ол аудан орталығындағы мектепте орыс тілі пәнінен сабақ беріп, меңгеруші қызметін қатар атқарды. Домбырасын құшақтап, ауыл-аймақты аралап, халықты білімге тартып, мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізді. Аудан орталығындағы клубты мәдениет үйіне айналдыруға атсалысып, театр ұжымын ұйымдастырды.
Дина Нүрпейісованың жұлдызын жақты
1936 жылы Алматыда өткен ауыл көркемөнерпаздарының алғашқы байқауында Смағұл өзінің өнерімен көзге түсіп, бас жүлдені жеңіп алды. Жамбыл атындағы филармонияға домбырашы қызметіне шақырту алып, ауылына оралып, отбасымен Алматыға қоныс аударды.
Филармония қабырғасында Смағұл Атырау өңірінің белгісіз ақындары мен күйшілерінің мұраларын жинақтады. Ол Дина Нұрпейісованы Алматыға шақыруға атсалысып, оның шығармашылығын дәріптеуге үлкен үлес қосты. Дина анамыз 1939 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық байқауда жеңіске жетіп, Қазақстан мәдениетінің көрнекті қайраткері атанды. Смағұлдың бұл бағыттағы еңбегі ел өнерпаздарының ұлттық деңгейде танылуына зор ықпал етті. Мәскеудегі ұлттық композиторлар курсын тәмамдаған Смағұл бірнеше әндер мен күйлердің авторы ретінде танылды. Оның "Ботагөз", "Жаз", "Май гүлі", "Біздің ән", "Жазғы кеш" сияқты туындылары халыққа кең тарады. Сонымен қатар, Құрманғазының «Ертең кетем», «Лаушкен», «Повестка» күйлерін ноталық жазбаға түсіріп, қазақ музыкалық мұрасын сақтауға зор үлес қосты.
Соғыстағы ерлігі
Елдің игілігі үшін талмай еңбек етіп жүргенде, Смағұлдың өмірін соғыс ауыртпалығы бұзды. Екінші Дүниежүзілік соғысы басталғанда, ол өз еркімен майданға аттанып, 10-атқыштар бригадасының құрамында офицерлік қызмет атқарды. Ол майданда жауынгерлерге жігер беріп, "Дауыл сағыныш", "Жас қазақ" сияқты әндер жазды. 1945 жылдың 18 сәуірінде Германияның Торн қаласы маңындағы шайқаста Смағұл Көшекбаев ерлікпен қаза тапты.
Бүгінде оның есімі туған жерінде ардақталып, аудандық мәдениет ошағына берілген. Смағұл Көшекбаевтың шығармашылығы – қазақ мәдениетінің мәңгілік мұрасы.