Елімізде діни ахуал тұрақты. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазіргі кезде елімізде діни ахуал тұрақты деп сеніммен айтуға болады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы салада жүйелі жұмыстар атқаруда», - деп тоқталды комитет басшысы аталған министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде.
Осы орайда ол профилактикалық іс-шараларға тоқталды.
«Біздің тағы бір маңызды жұмыс бағытымыз - халықтың діни-радикалды идеологияларға қарсы иммунитетін нығайту. Бұл бағыттағы жұмыстар қайта қарастырылып, бізде негізгі басымдықтар белгіленді. Сандық көрсеткіштен сапалық нәтижеге басты назар аударып отырмыз. Бұрын профилактикалық жұмыстар жалпылама жүргізілетін болса, қазір көбіне құрылыс алаңдарында, вахталық тәсілмен істейтін азаматтардың арасында қолға алдық. Сонымен қатар базарлар қамтылған. Өйткені діни-радикалды идеологияның таралуы зерттеу бойынша сол жерлерде шоғырланған. Бұл жұмысты басты назарда ұстап тұрмыз», - деді комитет төрағасы.
Сонымен қатар ол цифрландыру бағытындағы жұмыстарды атады.
«Цифрландыру бағытында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Дін саласында 7 қызмет көрсетеміз, өткен жылы біз алтауын автоматтандырдық. Бұл бір жағынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы, екінші жағынан цифрландыруды дамытуға қатысты. Енді бір қызмет қалып тұр, оны автоматтандыруды биыл аяқтаймыз. Осы орайда біздің салада жалпы цифрландыруды 100 пайызға жеткізбекпіз», - деді Е. Нүкежанов.