21 шіл, 2019 сағат 10:40

Дін – мәдениеттің негізгі платформасы

Өткен ғасырдағы дін мәдениеттің құрамдас бір бөлігі ретінде қарастырған ұғым өз өміршеңдігін әлі де жоймай келеді. Дегенмен де, бұл  тұжырымның түбірімен қате екенін дінтанушы ғалымдар қаншама мәрте дәледеп келеді. Осындай негізде қалыптасқан шартты заңдылық бүгінгі біздің қоғамның жіктелуіне әкеліп соғып жатқаны белгілі. Бүгінде дәстүрлі қазақ мәдениетін дін Исламнан аластап, арасына сына қағып басқа мәдениеттердің ықпалына түсіп, діннің әлеуметтік-психологиялық және құқықтық секілді барлық құндылықтары мен қағидаларын сол елдің тұрмыс тіршілігі және мәдениетімен өлшеп жүргендер де жоқ емес.

Бұл, әрине дәстүрлі діни таным мен сенімді ажырата алмау салдарынан туындайтын құбылыс екені анық. Діндегі таным мен  сенімді бір деп қарастыру ғылыми танымның төмендігінен туындайтын проблема екені де даусыз.  Бұл ойымызды белгілі тарихшы әрі дінтанушы ғалым З.Жандарбектің: «Дін адамзат қоғамынан тыс ортада пайда болып, сол жіберілген қоғамның игілігі үшін қызмет жасайтын ілімдер жүйесі. Адамзат қоғамында жалпы мәдениет пе, салт-дәстүр ме, әдет-ғұрып па, мемлекеттік жүйе ме барлығы діни ілім мен діни таным негізінде қалыптасады. Сол себепті, дін ешқашанда мәдениеттің құрамдас бөлігі бола алмайды. Керісінше, дін мәдениеттің құрамдас бөліктерін қалыптастыратын негізгі қозғаушы күш болып табылады» деген тұжырымымен нақтылауымызға болады.

Сонымен, қай қоғамды алып қарасақ та, дінсіз болмағанын көреміз. Өйткені, дін мәдениеттің ажырамас бөлігі әрі оның негізгі платформасы екені айқын. Әлемде қандай халық болса, сол халықтың мәдениеті де өмір сүру дәстүрі, бітім-болмысы, тіпті мінез құлқы да діни құндылықтары негізінде қалыптасады. Дәстүрлі қазақ мәдениетінің негізігі өзегі, ажырамас бөлігі Ислам діні екені еш дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.  Ата-бабаларымыз өздерін он екі ғасырдан бері әлімсақтан мұсылманбыз деп санаған. Бұл ұстанымды кешегі билігін жүргізген империя да бұза алған жоқ.  Елбасымыз да өз сөзінде: «Ислам – дін ғана емес, ол біздің мәдениетіміз», – деп,  дінімізді тек қатып қалған қасаң қағида ғана емес, ол біздің дәстүрлі мәдениетіміз екенін баса айтқаны белгілі. Себебі, Ислам діні халқымыздың санасындағы ғасырлар бойы жалғасын тапқан рухани құндылығы.

Ислам дінінің қазақ топырағына алғаш келгенде оны халықымыз өз табиғатымен танып білуге ұмтылды. Сол себептен қазақ топырағынан әл-Фараби, Ахмет Үйгенеки, Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Қ.А.Ясауи, Н.Б.Рабғұзи сынды ғұламалардың еңбектері өмірге келді. Осы атақты ғұламалар арқылы халқымыздың баға жетпес рухани мәдениеті жаңаша мәнге айналып санасымен рухы хақ ақиқатымен қауышты. Осы орайда тағы да елбасымыз: «Қазақ даласында данышпан бабамыз Ахмет Ясауи осы жағдайларды ескере отырып, түркі жұртындағы Ислам дәстүрлерін қалыптастырды. Осы дәстүрменен мінеки, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы өздерінің ұлттық сана-сезімдерін қалыптастырып келеді», – деп қазақ мұсылман мәдениетінің негізін Ясауи бабамыздан ажыратып қарауға болмайтынын осылай атап көрсетеді.

Сан ғасырлар бойы өз руханиятының негізі болып қаланған дінді халқымыз өз дәрежесінде күнделікті өмір тіршілігінің мәніне айналдыра білген. Құран аяттары мен хадистегі, Ислам құқығындағы (шариғат) барлық қағидалар мен заңдылықтарды күнделікті салт дәстүрі арқылы қолданып отырған. Діндегі бес парызды балалар асық ойнап жүріп-ақ жаттап алатын, қырық парыздағы аманаттарды күнделікті өмір тіршілікте шашау шығармай орындап отырған. Мұсылмандықтың басты парыздарының бірі «әмір и мағруфи нахи мүнкәр» жақсылыққа бағыттап, жамандықтан тию амалын жастарды дұрыс азамат болып қалыптасуына отбасында-ақ немесе бас қосқан орталарда үздіксіз жүргізіліп отырған. Құран аяттары мен  пайғамбарымыздың хадистерін мақал мәтелдер немесе метафоралық (ауыспалы, бейнелі мағынада) әдістермен жастар санасына жеткізіп тәрбиелеп отырған. Мәселен халық арасындағы күнделікті қолданылып жүрген «Таспен атқанды, аспен ат», «Малым – жанымның садағасы, жаным –арымның садағасы», «Мал сақтама, ар сақта», «Болашаққа тас атпа, Болашақ саған оқ атар», - сынды даналық қағидалары қасиетті сөздердің баламасы екені айтпаса да түсінікті.

Міне, осындай дана халқымыздың ауыз әдебиетімен сөз өнері де  қасиетті кітабымыз – Құран мен хадистердің мағынасымен үндескені  соншалықты, тіпті жыр-термелер мен қисса-дастандарында да көрініс тапқан. Орта ғасылардағы әдеби шығармаларындың дені қасиетті Жаратушының атымен басталған. Нақтырақ өрбітсек, халық арасында кеңінен танылған белгілі Жүсіп пен Зылиқа қиссасы:

«Бастаймын «бисмилла» деп Тәңірім атын,

Жақсылар, айып етпе, жазған хатым.

Құдайым һәм пайғамбардан сөз бастасам,

Қалай теріс болады насихатым.

 

Құп тыңлап бұ сөзімнен мағына алған,

Көңіліне фаһим әйлап, қайғы салған.

Таңда машһар күнінде пырақ мініп,

Ұжмақтан хор қызымен орын алған», – деп

Құдай атымен басталып жалғасын тапса, мұсылман қазақ мәдениетінің жаршылары болған жыршылық-жыраулық мектептерінің өкілдері де өз шығармаларын дін Исламның шеңберінде жырлаған. Жетісу жыр мектебінің өкілі Қаблиса жырау:

«Ұяттың иман қабы дер,

Иманды да ұят бар.

Көпшілікке жаққан жан,

Басына жаққан шырақ бар.

Фани тұрмақ бақида

Мінетұғын пырақ бар.

Ешкімнің хақын жемеңдер,

Артында оның сұрақ бар», – деген

 жырымен ар ождан өсиетнамасын жырласа, сыр сүлейі Қарасақал Ерімбет:

«Істеген озбырлығын қылар мақтан.

Ер болсаң елің үшін қызмет қыл,

Адам аз озбырлықтан пайда тапқан.

Жар достың жарамайды көңілін жыққан.

Азғырған ләпіс шайтан тіліне еріп,

Ойламай әркім қастық тұзын татқан», – деген жыр жолдарымен жамандық жасамауды өсиет еткен.

 Мәдениет халықтың ғасырлар бойы өмірлік тәжірибесінің жиынтығы, рухани байлығы әрі баға жетпес асыл қазынасы. Егерде осы құндылығынан айырлар болса жер бетінде ұлт болып сақталып қалуы да екіталай. Тарихта қаншама халық болған өз төл мәдениетінен айырылып, қалыбынан ажырып тек ұлт деген ғана аты бар да заты мүлде қалмаған. Қазіргі жаһандану заманында рухани  құндылығын сақтай білген халық қана жер бетінде мәңгі сақталмақ.

 

Т. Тұрғанқұлов, дінтанушы