«Славян базары» байқауында бірінші орынмен елге оралған Ернар Садырбаев Димаш Құдайбергенмен салыстыратын адамдарға жауап берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Славян базары» байқауы осыдан үш жыл бұрын Димаш Құдайбергеннің де жұлдызын жаққан еді. Енді міне Әміре де Димаштың жолын қуып, халықаралық фестивальден жүлдемен оралды.
«Біздің елде де, Беларусьте де Димаш туралы көп естідім. Димашты бәрі өте қатты сыйлайды. Витебскте Димаштың концертінде болдық. Қытайдан, жан-жақтан жанкүйерлері келді. Кейде жұрт мені Димашпен салыстырып жатады. «Сен Димашқа жетпейсің» деп жамандап жататындар бар. Шынымды айтсам, сондай адамдарды түсінбеймін. Менің мақсатым ол емес», - дейді Әміре.
Ол әркімнің өз дара жолы бар екенін атап өтті.
«Әркімнің Құдай берген таланты бар. Мен Димашты адам ретінде сыйлаймын, жақсы көремін. Оны үнемі айтып жүремін. Онымен баяғыдан таныспыз. Ол менің әріптесім әрі досым. Әрдайым Димашты қолдап жүремін, ол да мені солай қолдайды. Оған тек қана сәттілік тілеймін», - деді әнші.
Еске сала кетсек, «Славян базарында» қазақстандық әнші Әміре мен Румыния елінен келген Марчел Рошка екеуі бірдей 156 ұпай алды. Дегенмен қазылар байқаудың Гран-при жүлдесін Рошкаға, ал 1-орынды Ернар Садырбаевқа берді. Украинадан келген әнші – екінші орынды, ал үшінші орын Польша мен Беларусь елінің дарындыларына бұйырды.