26 там, 2021 сағат 15:41

Димаш Ресейде тағы бір жаңа әнінің тұсауын кесті


24 тамызда Сочиде өткен «Жаңа толқын 2021» фестивалінде Димаш Құдайберген «Fly away» («Ұшамын») жаңа композициясын көпшілік назарына ұсынды. Ән авторлары DimashNews редакциясына оның жазылу тарихы туралы бөлісті.

Көрермендермен кездесуді ұзақ күткеннен соң «Жаңа толқын» фестивалі Димаш пен оның жанкүйерлері үшін ұзаққа созылған әлемдік пандемиядан кейінгі уақыттың орынын толтыруға тамаша мүмкіндік болды. Әртіс көрермендер алдында өнер көрсетіп қана қоймай, өзінің жаңа туындыларын түрлі жанрда ұсынды.

Фестивальдің ашылуында Димаш Шығыс стилистикасындағы «Stranger» композициясын орындаса, «Премьера күнінде» би ырғағындағы «Fly away» әні мүлде басқа бейнеде көрсетілді.

Димашқа арналған әнді қазақстандық авторлар – музыка индустриясында жиырма жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан композитор Еділжан Ғаббасов және мәтін авторы ретінде қайтадан бой көрсеткен орындаушының бэк-вокалисті Джордан Аракелян жазды.

Еділжан Ғаббасов композицияның әуені мен негізгі желісі қысқа уақытта пайда болғанын айтады. Содан кейін 2-3 ай ішінде музыканттар тобы трекпен жұмыс істеді.

«Шабыт маған бір күні кешкілік тыныш уақытта келді, менің басымда кенеттен әуен пайда болды. Мен оны дауыстап айта бастадым, Димаштың дауысын бірден есіме түсірдім. Сол кезде мен оның осы әнді шырқағанын қалар едім деп ойладым», – деді Еділжан.

Димаштың «Give Me Your Love» және «Be With Me» сияқты хиттарының мәтінін жазған автор Джордан Аракелян да жаңа тректе қалай жұмыс істегенімен бөлісті:

«Димаш әрдайым әннің не туралы болуы керектігін алдын ала айтады және оған мән береді. Ол жаңа композициялардың демосын шырқағанда, мәтінсіз орындаса да, белгілі бір сөздерді тыңдауға болады. «Fly away» жаңа композициясы – рухани және шығармашылық еркіндік пен ой еркіндігі туралы ән».