03 ақп, 2021 сағат 11:53

Димаш Ниязов Қазақстан мен АҚШ полицейлері арасында бокс кешін өткізуді ұсынды

Нью-Йорктегі қазақ полицейі Димаш Ниязов қазақ және американ полицейлері арасында бокс шоуын ұйымдастыру идеясын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бізде жазда және күзде полицейлердің қатысуымен бокс шоуы ұйымдастырылады. Яғни полицейлер бір-бірімен жұдырықтасады және онда қатардағы полицей өзінің бастығын рингке шақыра алады. Әрине барлығы да бокс ережесіне сай өткізіледі. Шоуға қатысу ерікті түрде, ал көрермендер ақша төлеп көреді. Халық тарапынан аталған бокс шоуына сұраныс жоғары. Себебі полицейлердің өзара күш сынасып жатқаны көп адам үшін қызықты. Ең бастысы бұл шара қайырымдылық мақсатын көздейді. Шоудан түскен қаржы балалар үйіне немесе басқа да мұқтаж жандардың қажетіне жұмсалады. Біз үшін бұл қуантарлық жағдай», - деді Д. Нияз ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйымдастыруымен онлайн өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, полицейлерден құралған бокс тобы алыс-жақын шетелде өтетін турнирлерге қатысады. 

«Біздің команда Ирландия, Пуэрто-Рикода өткен полицейлер арасындағы бокс турниріне қатысты. Қазақстанға барғанда полицейлер арасында бокс шоуын ұйымдастыруды идеясын ұсынбақпын. Мүмкін мен өз командаммен Қазақстанға барып, ондағы полицейлермен бірлескен шоу ұйымдастырамыз. Менімше, қызықты болады деп ойлаймын. Құдай қаласа, карантиндік жағдай реттелсе көреміз»,- деді ол.