ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қанат Айтбаевпен және Димаш Құдайбергенмен кездесіп, 19 қарашада өтетін концерттің жайын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астаналық «Терра балет» тобы, сонымен қатар ұлт-аспаптар ансамблінде керемет өнер көрсетіп жүрген ұл-қыздар барып, біздің қазақтың әндеріне ұлттық реңк пен өң бере отырып, сүйемел жасайды. Осы концерттің ұйымдастырылуына қыз-жігіттер атсалысып, көмектесіп жатыр. Амандық болса, нәтижесін көресіздер. Орындалатын әндердің 60 пайызы қазақ тілінде болады», - деді Қанат Айтбаев.
Өз кезегінде Димаш Құдайберген Лондонда жанды дауыста, оркестрмен отызға жуық ән айтатынын хабарлады.
Сонымен қатар, әнші Астанада Денис Теннің көрмесін ұйымдастырған жандарға алғысын білдірді.
«Денис Тен - қазақтың ешқашан сөнбейтін жарық жұлдызы. Түнделетіп Қазақстанға келіп, Денис Теннің көрмесін өткізіп жатқан жандарға алғысымды білдірейін деп, көрмеге бардым. Ешкім жоқ кезде өзіммен өзім көрмеде өткен-кеткенді еске алдым. Денисті мақтаудың өзі артық. Сіздер оны керемет спортшы, дарын иесі ретінде білесіздер, ал мен оны дос тұттым. Біз етене араласып, соңғы жылдары жақын дос болдық. Денистің кішіпейілдігі ұнайды маған. Өте қарапайым еді. Жалпы, биік белестерді бағындырған адамдар тәкаппарлық танытып, пендешілікке бой алдырады ғой. Денистің бойынан ондайды ешқашан көрмедім», - деді Димаш Құдайберген.
Әнші Дениспен бірге жүрген кезде достар арасында «Олимпиада чемпионы бізбен бірге қарапайым жерде тамақ іше ме?» деп әзілдейтінін еске алды.
«Кейде түнде далаға шығып, ең арзан бір жерге бара салатынбыз. Оның әрбір айтқан сөзі, жасаған еңбегі қазақтың, елінің мәртебесі үшін еді. Өйткені, өздеріңіз ойлап қарасаңыздар, ол қазақтың тарихында болмаған жетістіктерге жетті. Ел атынан осындай азаматтар бар екенін дәлелдеу үшін, мәнерлеп сырғанаудан қазақтар да әлем чемпионы атана алатынын дәлелдеу үшін шетелде білім алды. Алдағы уақытта кейін Қазақстанда осы жүйені қолға алып, шәкірт тәрбиелесем деп армандады. Менің келесі концертімде екеуміз Бейжіңде немесе басқа елде үлкен стадионда концерт беріп, «S.О.S» әнімен тандемде шығамыз деп армағандаған болатынбыз. Енді Лондонда ол әнді мен өзім ғана орындаймын», - деді ол.
Дарынды әртіс өзінің шығармашылық мақсаты туралы да айтып берді.
«Мен шетелде жүрген кезде міндетті түрде қазақтың халық әндері орындалады. Менің басты мақсатым не? Кіндік қаным тамған жерде қазақтың ұлы тұлғалары тың дүниелерді жарыққа шығарды, ал, біз, әншілер мүмкіндігінше ол туындыларды насихаттауымыз керек. Менің де мақсатым сол. Сондықтан қазақтың халық әндері көптеп шырқалатынына күмән келтірмеңіз. Жаңа әндер де бар. Оның құпиясын сіздерге толық ашқым келмейді. Өйткені, оны концертте (Лондондағы) көрермендер бірінші тыңдаса деймін», - деді Димаш Құдайберген кездесу барысында.
Өз кезегінде, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 19 қарашада өтетін Лондондағы концертінің барлық билеті сатылып кеткенін айтты.
Министрдің айтуынша, билет сатып алған көрермендердің 3-4 пайызы ғана - қазақстандықтар.
«Барлық билеттерді негізінен лондондықтар сатып алды», - деді министр.
Айта кетсек, осы айдың 19-да Лондонда Димаштың жеке концерті өтеді. Қазіргі таңда Лондон орталығындағы экрандарда қазақстандық әншінің концерті жарнамаланып жатыр.