Мәжілістің жалпы отырысында депутат Александр Милютин спорт нысандарының тұрғындарға қолжетімсіздігі мәселесін көтерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Отандық спортты дамытуға бағытталған жастар бастамаларын қолдаудың тиімді жүйесін құру Қазақстан Халық партиясы бағдарламасының негізгі басымдықтарының бірі болып саналады.
Бұл Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында, сондай-ақ жетінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде бұқаралық және балалар спортына мемлекеттік қолдау көрсету міндетін қойған тапсырмасына толық сәйкес келеді. Халық денсаулығының ел үшін стратегиялық маңызы бар. Сондықтан Президент балалар мен жасөспірімдер спортын қаржыландыру көлемін ұлғайтуды тапсырды және Парламент депутаттарын осы шығындарды бақылауға алуға шақырды», - деді А. Милютин Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.
Оның пайымынша, спортты дамытуға бөлінген бюджет қаражатының тиімді және мақсатты жұмсалатыны үлкен күмән тудырады.
«Әлеуметтік желілерде жарияланған спорт саласындағы зиянды әрекеттердің тағы бір дәлелі – Қазақстан құрамасының шаңғышылары А.Дүйсеновтың, Е.Величконың ашық хаты. Ал өз есебінен мектеп жасына дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балаларға арналған шаңғы клубын ашқан А.Головконың жағдайы мемлекеттен қолдау таппады. Қаражат таусылды, клуб та жабылды. Ол біздің елге қажетсіз болып шықты. Сондықтан қазір Марокко шаңғышыларын жаттықтыруға мәжбүр», - деді депутат.
Оның айтуынша, өкінішке қарай, біздің балалар уақытын үнемі компьютер мен телефонда өткізеді. Ал спортқа деген қызығушылық көбінесе еліктеудің арқасында пайда болады. Мысалы, бокс секциясына баратындар С.Қонақбаев, Г.Головкин, С.Сәпиев секілді даңқты спортшыларға еліктейді, ал жүзгіштер Д.Баландин, А.Мусинге қарап бой түзейді.
«Егер спортшыларды даярлауға бөлінген қаражат мақсатты түрде жұмсалмайтын болса, онда қандай спорттық жетістіктер туралы айтуға болады?! Әсіресе дарынды балаларға арналған мектептер жабылуда. Азаматтар Ақмола облысындағы «Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы» шаңғы-биатлон стадионының, Шығыс Қазақстан облысындағы «Абай Арена» стадионының, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы стадиондардың қолжетімсіздігіне шағымданады. Мемлекет өз азаматтары үшін спорт кешендерін салуға қаражат бөледі. Бірақ мұның бәрі қолжетімді емес, себебі қымбат.
Мұндай жағдай бүкіл республикада бар», - деді Милютин.
Айтылғандарға байланысты депутат спортшылардың өтініштеріне қатысты фактілер бойынша тиісті сұрақтарға жауап беруды сұрады.
«2021 жылға, сонымен қатар Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру аясында балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін одан әрі дамыту мен қолдаудың қандай шаралары жоспарланған? Ұлттық спорт түрлерін дамыту аясында мектеп бағдарламасына енгізу үшін «қазақ күресі», «тоғызқұмалақ» және «асық ату» бойынша міндетті сабақтарды өткізу әдістемесін әзірлеу қашан аяқталады? Мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалардың спорт үйірмесіне тегін бару мәселесі қалай шешілген?», - деп сұрады А. Милютин.