08 сәу, 2019 сағат 11:14

Депутат Қытайдан алынатын қарыздың пайдасын түсіндіре алмағандарға шүйлікті

Сенат депутаты Әли Бектаев Қытайдан 20 жылға алынатын жеңілдетілген кредиттің Қазақстан экономикасына қандай пайда әкелетінін түсіндіре алмаған қаржы министрлігіне шүйлікті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін сенаттың қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында "Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі арасындағы ҚХР  жеңілдікті кредит беру туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды.

Айта кетсек, бұған дейін мәжіліс бұл заң жобасын мақұлдаған болатын. Қарыздың жалпы сомасы 2, 062 миллиард юань, яғни теңгеге шаққанда 100 миллиард теңгеден астам. Келісімге сәйкес, Қытай банкі жеңілдікті кредитті жылдық ставкасы 2 процентпен 20 жылға береді. Бұл ақшаға Қытай, Өзбекстан және Түрікменстанмен арадағы шекарада орналасқан 10 өткізу бекетін, оның ішінде 9 автокөлік және 1 теміржол пунктін жаңғырту көзделіп отыр.

Отырыс барысында сенатор Әли Бектаев Қытайдан алынатын қарыздың ел экономикасына әкелетін пайдасын, бюджетке қандай қосымша түсімдер түсетінін сұрады.

Қаржы министрлігінің өкілдері депутаттың сауалына нақты жауап бере алмады.

"Алынатын қарыз есебінен инфрақұрылым дамып,  Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолының мүмкіндіктері кеңейіп, жолдағы сервистік қызметтер дамып, қосымша салықтар түседі деп болжап отырмыз. Кедендік төлемдер мен салықтар бойынша шамамен 300 миллиард теңге қосымша салық түседі деп жоспарлап отырмыз", - деді министрлік өкілдері.

Сенат депутаты бұл жауапқа қанағаттанбады.

"Бұл жалпылама сөз ғой, менің не айтқым келіп отырғанымды түсіндіңіздер ғой. Қарыз алу үшін сіздерде нақты есеп болу керек. Осыншама аламыз, ол бізге осынша пайда әкелді, оны мына жолдармен қайтарамыз дегендей. Бұл жай ғана біреудің аспаннан түскен қарызы емес қой, бұл мемлекеттік қарыз. Сондықтан сіздерде нақты есеп болуы тиіс. Сіздер қаржы министрлігісіздер. Есептеріңіз бар ма?", - деп ашуланды депутат.

Министрлік өкілдері 300 миллиардтан басқа нақты есептер жасалмағанын айтты.

Осыдан кейін Бектаев төмен процентпен алынатын қарыз құрылысқа емес, неге ауыл шаруашылығына, өндіріске жұмсалмайтынын сұрады.

"Қарызды екі процентпен ғана алады екенбіз. Талаптары жақсы. Біз неге осы займды алып, өндіріске, бизнеске жұмсамаймыз, ауыл шаруашылығына неге бермейміз? Біздің алып-беріп жатқан қарызымыздың барлығы 6-7 проценттен кем емес. Осындай арзан процентпен берілетін кредитті неге құрылысқа жұмсаймыз?", - деді сенатор.

Қаржы министрлігі шекарадағы өткізу пунктерін жаңғыртуға Қытай тарапы өзі мүдделі екенін, сондықтан жеңілдетілген кредитке келісім бергенін атап өтті.

"Қытай өзінің транзиттік әлеуетін арттыруға, экспорттық тауарларын Еуропаға жеткізу үшін жеңілдетілген кредитті жүйелі түрде беріп отыр. Қытайдың өзі мүдделі, сондықтан шығынның көп бөлігін Қытай үкіметі өз бюджетінен өтейді", - дейді министрлік өкілдері.

Заң жобасы сенаттың қарауына жіберілді.