09 сәу, 2018 сағат 15:29

Депутат «Air Astana» ұшақтарын автобусқа теңеді

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова «Эйр Астана» ұшағының бөгелуіне қатысты наразылық білдірді. Депутат Фейсбуктегі парақшасында «Air Astana» әуе компаниясының рейсі 2,5 сағатқа бөгелгенін жазған.  

«Air Astana. Сервис мүлде сын көтермейді. Тағы да рейсті кері жылжытып жатыр. 6.10-нан 6.55-ке қалды. Әуежайға келгенде ұшу уақыты 8.00-ге ауысқанын білдік. Рейстің бөгелуі, кейінге қалдырылуы «Эйр Астана» үшін қалыпты жағдайға айналып келеді», - деп жазды халық қалаулысы.

Ол сәл кейінірек желі қолданушыларының пікіріне жазған жауабында әуежай кешігудің себебін түсіндіріп, нақты қай уақытта ұшып шығатынын алдын ала мәлімдесе деген ойын білдірген.

«Тағы кешіктірілді. Енді 8.40-қа. «Эйр Астана» қызмет көрсету сапасы бойынша рейстік автобусқа ұқсап барады», - дейді ол.

Депутаттың жазбасына «Air Astana» АҚ әлеуметтік желі бойынша менеджері Жанна Бадаубаева жауап берген.

«Рейс техникалық себептерге байланысты бөгелген. Келтірілген ыңғайсыздықтар үшін кешірім сұраймын. Авиалайнерде техникалық жұмыстар жүргізілді. Рейстің бөгелуі барлық әуе компанияларында болатын жағдай. Бірінші орынға біз жолаушылардың қауіпсіздігін қоямыз. Қауіпсіздік үшін рейсті кейінге қалдыруға тура келеді. «Эйр Астана» компаниясының уақытпен жұмысы әлемдік компаниялардың деңгейінде. Сіздің хатыңыз компанияның шағыммен жұмыс бөліміне берілетін болады», - деді Жанна Бадаубаева.

Айта кету керек, депутат мұның алдында да «Эйр Астана» компаниясының жұмысын сынға алған болатын.