05 қар, 2018 сағат 14:24

Денсаулық сақтау министрлігі Digital Bridge жүлдесін жеңіп алды

Бүгін Астанада өтіп жатқан «Digital Bridge» халықаралық инновациялық форумында Қазақстандағы цифрландыру саласындағы ең алғашқы Digital Bridge Awards жүлдесі табысталды, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевтың төрағалық етуімен үш номинация бойынша жеңімпаздар анықталды.

Ресей Федерациясының байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрі Константин Носков «Үздік цифрлық бастама» номинациясын ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне табыстады. Жүлдені алуға министр Елжан Біртановтың өзі келді.

«Цифрландыру жөнінде ең үздік кеңсе» номинациясын «Оңай» компаниясы жеңіп алды. Жүлдені Эстония премьер-министрі Юри Ратас табыс етті. «Үздік IT-компания» номинациясына ие болған «Документолог» компаниясы жүлдені ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың қолынан алды.

Айта кетсек, бүгін Астанада «Digital Bridge» халықаралық инновациялық форумы өтіп жатыр. Бұл ауқымды шараға халықаралық ІТ-қоғамдастық өкілдері, технология саласындағы белгілі сарапшылар, кәсіпорын басшылары, технологиялық кәсіпкерлер мен өзге де елдердің мемлекеттік секторлары өкілдері, ғалымдар, кәсіпқой цифрлық әзірлеушілер, сонымен бірге венчурлық капиталистер мен инвесторлар қатысып отыр.