Фото: Pexels.com
Әйел декретте жұмыс істеуі керек пе, әлде бұл артық жүктеме ме? Бұл сұрақ әрбір ана үшін өзекті. Қазіргі заманның талаптары күн санап өзгеріп, жаңа мүмкіндіктер туындап жатқанда, декретте тек бала күтімімен шектелу — кәсіби дағдылардан айырылып қалу қаупін тудырады. Бірақ бала тәрбиесі мен үй шаруасы арасында жүрген әйел үшін жұмыс істеу қосымша салмақ болмай ма? Ult.kz тілшісі осы мәселе төңірегінде сарапшылармен сөйлесіп көрді.
Декрет – демалыс емес
Баспагер Баян Хасанова «декреттік демалыс» деген тіркестің өзі дұрыс емес дейді. Ол әйел декретке шыққаннан кейін толыққанды бала бағумен айналысуы керек деген пікірде.
«Осы біз, әйелдер, неге екіқабат кезде және декретте отырып жұмыс істейміз? Неге коучтар декретте отырып ақша тап деп ақыл айтады? Есі дұрыс, жанашыр адам «декретте баланы дұрыс өсір, тәрбиеле, гигиена сақта, жүрегіңді сақта» демей ме?
Жалпы «декреттік демалыс» деген тіркесті кім ойлап тапқан? Ол демалыс деп кім айтты? Сен өмірге адам әкелесің, оның фундаментін құясың, физиологиялық, психологиялық саулығын қамтамасыз етесің. Оған қоса ақша табасың! Абсурд!
Декреттегі әйел жұмыс істемеуі керек. Оның онсыз да үлкен миссиясы, миллион доллардан да құнды жұмысы бар. Бала бағу деген. Бітті!», - деп жазды журналист әлеуметтік желідегі парақшасында.
Мемлекет қалай көмектесуде?
Иә, дүниеге бала әкелетін анаға мемлекет те жағдай жасап, көмектесуге тырысады. Еңбек Кодексінің 99 бабы бойынша, жүкті, босанған, жаңа туған баланы асырап алған әйелдерге еңбек демалыстары беріледі. Оған жүктілікке, босануға байланысты демалыс, жаңа туған баланы асырап алғандарға арналған демалыс, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс түрлері жатады. Бір қызығы, заңның бәрінде бала күтіміне байланысты жұмыстан шеттетілу – демалыс деп аталған.
Босанған әйелдерге берілетін жәрдемақы түрлері:
Жұмыс істейтін әйелдерге:
• Жүктілік және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем.
• Бала күтіміне байланысты жәрдемақы (1,5 жасқа дейін).
o Мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды.
Жұмыс істемейтін әйелдерге:
• Бала күтіміне байланысты жәрдемақы (1,5 жасқа дейін):
o 1-балаға – 5,76 АЕК (21 265 теңге)
o 2-балаға – 6,81 АЕК (25 142 теңге)
o 3-балаға – 7,85 АЕК (28 982 теңге)
o 4 және одан көп балаға – 8,90 АЕК (32 859 теңге)
Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы:
• 1, 2, 3-балаға – 38 АЕК (140 296 теңге)
• 4 және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК (232 596 теңге)
• Егіз немесе одан көп бала туған жағдайда әр балаға жеке төленеді.
Емшектегі баламен жұмыс істеу өте қиын
Қымбатшылық белең алған қазіргі заманда бұл жәрдемақылардың жеткіліксіз екені анық. Бала күтімімен қатар, отбасының күнделікті шығындары да еселеп артқан. Оның үстіне, жастар болған соң сәнді киінгісі, түрлі қызықтарды көргісі келеді. Осы себептен көптеген жас аналар қосымша табыс көзін іздеуге мәжбүр болып отыр.
Бірнеше жыл бойы тәлімгерлікпен, онлайн маркетингпен айналысатын блогер Әсел Асанова декреттегі демалысты табыс табудың бір амалы деп қарастырып келген.
«Меніңше, «әйел декретте жұмыс істеуі, не жұмыс істемеу керек» деп кесіп айтуға болмайтын сияқты. Әркімде жағдай әртүрлі болады. Егер декреттегі әйел тек табыс табу қажет деген мақсатта жұмыс істейтін болса, бұл оның қаржылай сауатсыздығынан хабар береді. Өйткені, ол осы жүктілікке қаржылай дайындалып келуі керек еді. Өз жағдайымды айтар болсам, мен қаржылық тұрғыда қиналғанымнан емес, декретте отырып, білгенімді ұмытып, дағдыларымды жоғалтып алмайын деген мақсат болды. Ертең балам өсіп, енді жұмыс істейін деген кезде тәжірибем жоқ, қарайып, артта қалып қоймайын деген оймен білгенімді пайдаға асырып жүрдім.
Бірінші баламда балабақшаға барғанша үйде отырып, шынымен декреттік демалыста болсам, екінші балам қырқынан шыға салысымен жұмысқа кірісіп кеттім. Өте қиын болды. Бір жағынан қаржы да керек болды, екінші жағынан өзімді де шыңдағым келді. Сөйтіп, қиналып кеттім.
Үшінші баламда бір ұстазым айтты: "Сенің Instagram-дағы жобаларыңнан бөлек, отбасыңдағы жобаларың бар ғой. Соларды бірінші өсіріп ал" деді. Сол сөзі маған әсер етті. Сондықтан үшінші балам 6 айға толғанша жұмыс істемедім.
Жалпы қаржылай толықтай тәуелсіз болсам, мен бір - бір жарым жыл бойы, бала балабақшаға орналасқанша, балаға көбірек көңіл бөліп, тәрбиесімен айналысар едім. Алайда «бала-бала» демей, өзімнің қызығушылықтарым туралы да ұмытпас едім», - дейді Әсел Асанова.
Қаржылық сауаттылық бойынша тәлімгер, экономист Бауыржан Ысқақов жүктілікті жоспарлаудан бұрын қаржылай қауіпсіздікті қамтамасыз етіп алу керек дейді.
"Әйел адам декретке шығар кезінде ол бірінші кезекте мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақылар туралы ақпаратты қарастыруы керек. Яғни өзіне қанша көлемде ақша төленетіні туралы ақпаратты білуі керек. Содан кейін отбасылық бюджетін жоспарлауда өзгерістер енгізуі тиіс. Мысалы, коммуналдық төлемдер, несие, азық-түлік деген сияқты шығындар - тұрақты шығындар. Кейбір қажетсіз шығындарды азайтқан жөн. Сіздің шығындарыңыздың ішінде дәрі-дәрмек, тексерулер, нәрестеге байланысты әртүрлі шығындар болса, соның барлығына қажетті қаражат болуы керек. Одан кейін жинақ жоспарын құрған дұрыс. Декретке шығуға дейін кем дегенде 3-6 айлық шығындарға қажетті соманы жинап қою қажет. Және қарыздар болса, соны декретке шыққанша жауып тастауға тырысқан жөн.
Декретке шыққан уақытта қаржылай ауыртпалық көбіне ер адамға жүктеледі. Сондықтан, оның табысын есептеп, барлық қажеттіліктерді өтей ала ма, соны реттестіріп алған жөн.
Болмай жатса, декретте отырғанда түрлі онлайн жұмыстар, репетитор болу, аударма қызметтері сияқты қызметтермен қосымша табыс табуға болады", - деп кеңес берді Бауыржан Ысқақов.
Декреттік кезеңде жұмыс істеу – әр ананың жеке таңдауы. Бастысы, бұл шешімнің отбасына, бала тәрбиесіне, ең бастысы, ананың денсаулығы мен психологиялық жай-күйіне қалай әсер ететінін ескерген жөн.
Анара Бауыржанқызы