13 шіл, 2021 сағат 22:31

ДДҰ өкілі әлемде коронавирустың қайта өршуіне байланысты мәлімдеме жасады


COVID-19 ахуалы өршуіне байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бас директоры Тедрос Гебрейесус мәлімдеме жасады. Ол бай елдерді вакцинаны кедей елдермен бөлісуге шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" БҰҰ-ның Жаңалықтар орталығына сілтеме жасай отырып.

«10 аптадан бері азайған өлім көрсеткіші қайта өсуде. Бізге әлемнің барлық өңірлерінен ауруханалардың қайтадан толып жатқаны туралы хабарлар түсуде. Вирустың Delta нұсқасы жұқтыру жағдайлары мен өлім санының өршуіне әкелуде», - деді Тедрос Женевадағы брифингте. 

Delta штамы

Қазіргі кезде Delta әлемнің 104 елінде анықталған. ДДСҰ басшысының айтуынша, ол әлем бойынша ең көп таралған нұсқаға айналмақ.

«Вакцинамен қамту төмен елдердегі ахуал қиын. Delta және басқа нұсқалар мұндай елдерде жұқтырудың қауіпті толқынын тудырып, ауруханаға түсу мен өлімнің жоғары көрсеткіштеріне әкеледі», - деп атап өтті ДДСҰ-ның басшысы. 

Оның айтуынша, тіпті алдыңғы толқында өздерінің денсаулық сақтау жүйелерінің арқасында инфекцияның масштабты өршуін алдын алған елдердің өздері бүгінгі күні пандемия эпицентрінде қалып отыр.

ДДСҰ-ның бас директоры тек қана вакцинаның көмегімен дағдарыстан шыға алмайтымызды мойындады, алайда, оның айтуынша, вакциналау – вируспен күрестегі қолда бар құралдардың ең тиімдісі.

«Біз бүгін қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайдың өршуін бастан кешудеміз. Ол, өз кезегінде, адамдардың өміріне, олардың тіршілік ету құралдарына және әлем экономикасын қайта қалпына келтіруге одан сайын қауіп төндіріп отыр», - деді ДДСҰ-ның өкілі.

Оның айтуынша, ахуал вакцина қоры аз жерлерде нашар, дегенмен пандемия еш қай жерде біткен жоқ. «Қазіргі ұжымдық стратегия менің есіме орман өртімен күресуші өрт сөндіру командасын салады. Су құю арқылы бір жердегі алауды ауыздықтауға болады, бірақ басқа жерде от лаулап тұрса, шоқтар жан-жаққа тарап, қайтадан қорқынышты жалынға айналады», - деді Тедрос. 

Вакциналардың біркелкі бөлінбеуі

ДДСҰ-ның бас директоры вакциналардың біркелкі және әділ бөлінбей жатқаны туралы еске салды. Кейбір елдер мен өңірлер миллиондаған бустерлік дозаларға тапсырыс беріп жатса, кейбір елдерде вакцина медициналық қызметкерлер мен қауіп-қатер тобындағы адамдарды вакциналауға жетпей жатыр.

«Moderna мен Pfizer халықтың біраз бөлігі вакцина алған елдерге бустерлер ретінде вакцина тасымалдаудың орнына күштерін препаратты COVAX жүйесіне жіберуге жұмсауына болатын еді», - деді Тедрос.

AstraZeneca әлем бойынша өндірісті күшейтуде

ДДСҰ басшысы барлық фармацевтикалық компанияларды өздерінің лицензиялары, ноу-хау және технологияларымен бөлісуге шақырды. Оның айтуынша, AstraZeneca осындай қадамға барған – әлем бойынша вакцинасын лицензиялап, оның өндірісін күшейтті. Ол Еуропа, Үндістан және Корея Республикасынан басқа ДДСҰ төтенше жағдайларда қолдануға арналған вакциналар қатарына Жапония мен Аустралиядағы тағы екі өндіріс күшін қосты. Осылайша, лицензиялық келісімнің ескерілуімен, AstraZeneca вакцинасын өндіретін елдердің қатары беске дейін өсті.

«Басқа өндірушілер мұны үлгі етуі керек», - деді Тедрос. Ол күнделікті мыңдаған адамдардың өліп жатқанын еске салып, осы себепті кедей елдер тұрғындарын вакциналауды 2023-2024 жылдарға қалдырмау керек екенін айтты.