Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ассамблеясының 73-сессиясына Қазақстан делегациясы онлайн форматта қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына COVID-19 дайындық, халықты ақпараттандыру мен өзге де маңызды тақырыптар жөнінде берген техникалық ұсынымдары үшін алғыс айтамыз. Біз жүйені нығайту үшін шаралар жасадық. COVID-19 вирусымен күреске бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді қостық. Жұқтыру жағдайларын тоқтату үшін барлығын жасап жатырмыз, әлсіз топтарға көңіл бөлудеміз. Тағы бір маңызды мәселе - цифрлық технологияларды кеңінен қолдану. Бұл коронавируспен тиімді күресу үшін жаңа мүмкіндіктерді береді», - деді ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 73-сессиясында.
Спикер Қазақстанның бастапқы медициналық-санитарлық көмек рөліне қатысты барлық ережеге айрықша мән беретінін атап өтті.
«Мұнда бастапқы медициналық-санитарлық көмектің маңызды екенін баса айтқым келеді. Ол коронавируспен күресте айрықша рөл атқарады. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек саласында бекітілген басты ұстанымдарды сақтау қажет. Барлығымыз COVID-19 қарсы күресте бірігіп, вакцина мен тиімді емдеу тәсілдерін жасауымыз керек. Барлық медициналық қызметкерге жанкешті еңбегі үшін алғыс айтқымыз келеді, бұл дағдарысты бірлесіп қана жеңе аламыз», - деді Т. Сұлтанғазиев.