21 қаз, 2020 сағат 05:32

ДДСҰ пандемия басталғалы COVID-19 жұқтырудың рекордтық көрсеткішін тіркеді

Әлем бойынша коронавирус жұқтырғандар саны соңғы аптада 2,4 миллион адамға артты. Бұл – пандемия басталғалы ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ДДСҰ деректеріне сілтеме жасап.

Ұйым атап өткендей, COVID-19 вирусына шалдығушылар саны жедел қарқынмен өсуде, ал індеттен болған жаңа өлім жағдайларының саны салыстырмалы түрде тұрақты болып отыр. Соңғы жеті күнде инфекциядан 36 мыңнан астам адам қайтыс болды, бұл шамамен өткен аптадағы көрсеткішпен сәйкес келеді. 

«18 қазандағы жағдай бойынша 40 миллионнан астам адам ауру жұқтырғаны туралы және қайтыс болғандар саны 1,1 миллионға жеткені жайлы хабарлама келіп түсті», - деп көрсетілген ДДСҰ мәліметінде. 

Ең ауыр эпидемиологиялық ахуал Солтүстік және Оңтүстік Америкада байқалады. Мұнда 12-18 қазан аралығында 798 мың адам коронавирусқа шалдыққан, ал инфекция жұқтырғандардың жалпы саны 18,8 миллион пациенттен асты. Бір аптада 16 мыңнан астам адамның қайтыс болғандығы тіркелген. 18 қазандағы жағдай бойынша індеттен көз жұмғандардың жалпы саны 608 мыңнан астам. 

Еуропада өткен аптамен салыстырғанда ауруға шалдығудың 25 пайыздық өсімі тіркелді. Вирус жұқтырғандар саны 927 мыңнан асып, жалпы 8 миллионнан астам адамға жетті. Бір апта ішінде 8 мыңнан астам адам қайтыс болды, ал өлім жағдайларының жалпы саны 256 мыңнан асты.