Ғаламшар тұрғындарына коронавирусқа қарсы вакцинаның 780 миллионнан астам дозасы егілді. Бұл туралы дүйсенбіде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы Тедрос Гебрейесус мәлім етті.
Осыған қарамастан, жеті апта бойы СOVID-19 вирусына шалдығу оқиғалары саны арты келеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" БҰҰ Жаңалықтар орталығына сілтеме жасап.
«Ешбір күмән жоқ: вакцина — маңызды әрі қуатты элемент. Бірақ жалғыз элемент емес. Біз оны күн сайын, апта бойы айтып келеміз және осыны бұдан ары да қайталап жүреміз», - деді доктор Тедрос.
Ол барлық адамдардың, соның ішінде екпе салдыртқандар да әлі де сақтық шараларын сақтауы, яғни маска тағып, қолды жиі жуып отыру, дезинфекциялаушы құралдарды пайдалану, ғимарат іштерін желдетіп отыру, сондай-ақ COVID-19 вирусына тест тапсырып отыруы тиіс екенін атап өтті.
Доктор Тедрос көптеген елдерде ауруға шалдығу оқиғалары санының өсуі билік пен тұрғындардың тиянақсыздығынан екенін атап өтті. ДДСҰ-да жалпы карантинді енгізу, барлық мекеме және ұйымдарды толық жабуға қарсы шығып, карантинмен күрес жүргізуге өлшенген шаралар комбинациясы сәтті күрес жүргізуге көмектесе алады деп санайды.
«Біз де экономиканың қайта іске қосылып, сауда мен туризмнің қалпына келгенін көргіміз келеді. Бірақ қазіргі кезде көптеген елдерде қарқынды терапия бөлімдері толы және адамдар қайтыс болып жатыр, Кейбір елдерде вирустың таралуына қарамастан, мейрамханалар мен түнгі клубтар адамдарға толы, базарлар ашық, көп адамдар сақтық шараларын сақтамай жүр», - деп қосты ол.
Тедрос Гебрейесус вирустан тіпті жастар да көз жұмып жатқанын атап өтті.
«Бұл ауру — тұмау емес. Біз бұл инфекцияның салдары қаншалықты уақытқа созылатынын әлі де түсінбей отырмыз», — деді ол.
COVID-19 вирусымен жеңіл формада ауырған көптеген адамдар тіпті бірнеше айдан кейін де тез шаршау, әлсіздік, бас айналу, ұйқысыздық, депрессия, буындарының ауыратынын атап өтуде.
«Бұл пандемияның соңы байқалмайды. Бірлесіп күш салып, қоғамдық денсаулық сақтау саласында тиісті шаралар қабылдап, тұрғындардың әділетті вакциналануын қамтамасыз еткен жағдайда, біз пандемияны бірнеше айда бақылауға аламыз», — деп қорытындылады ол.