Еліміздің жоғары оқу орындарының журналистка факультетінде оқитын студенттер арасында жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін байқау ұйымдастырылады. Бұл туралы бүгін Медиа білім беруді дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңесте ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әрине, қазіргі уақытта жоғары оқу орындары беріп жатқан білімге көңіліміз толады. Дегенмен, көп жағдай студенттердің өздеріне де байланысты екендігін түсінеміз. Егер базалық дүниелерді, пәндерді оқытушылар үйрететін болса, қалған білім мен дағдыны дербес алу керек. Оның үстіне олардың мұндай мүмкіншіліктері де бар», - деді ол.
Осы ретте Дәурен Абаев Ақпарат және коммуникациялар министрлігі журналистика саласындағы білім беруді дамыту мәселелерін талқылауға және қажетті жәрдем беруге дайын екендігін айтты.
«Қазір біз мәселелерді қарастырып, талқылауға дайынбыз. Бір айдан кейін «Үркер» сыйлығын тапсырар кезде сол уақытқа дайын болсақ, байқау жариялаймыз. Былай жасайық, байқау болады және бас редакторлар, телеарналардың, радиолар мен газеттердің басқарма өкілдерінен жасақталған төрешілер байқаудан өткен үздік студентті жұмысқа алуға міндеттеме алады. Меніңше, бұл шынайы әрі жақсы байқау болар еді. Студент жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жұмысқа орналасады. Міне, осындай қайырымды іс жасай аламыз. Конкурстың критерийлерін әзірлеу қажет», - деді министр.