08 ақп, 2024 сағат 22:54

Дәулет Мұқаев: «Тіпті еден жуушы болып жұмысқа тұру үшін пара сұрайды»

Парламент Мәжілісінде өткен жиында депутат Дәулет Мұқаев «тіпті еден жуушы болып жұмысқа тұрғызу үшін пара сұрайды» деген мәселені көтерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

8 ақпанда мәжіліс кулуарында әлеуметтік саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. Онда сөз сөйлеген депутат Д. Мұқаев жемқорлық елде қаншалықты қанат жайғанына мысал келтірді.

«Әсіресе Қызылордадан, Шымкенттен маған көп хат жазады. Жай ғана еден жуушы болып жұмысқа орналасу үшін 500 мың теңге сұрайды. Мұғалімдердің ставкасы миллион, миллион жарым болып кеткен мысалға. Мұндай хаттар өте көп. Осындай хаттар келген кезде антикорға хабарласыңыз деймін. 1424 деген номерін де беремін. Енді сол 1424 деген номердегі алгоритм қалай жүреді? Мен дәлеліңіз бар ма деп сұраймын, бар дейді. Аудио, видеосы да бар шығар. Көп адам «ертең менің басыма бәле болады» деп қорықады. Одан кейін қазір жемқорлық туралы хабар бергендерге де сыйақы береді ғой. Оның да жүзеге асу алгоритмы қандай? Ақыры сіздер жемқорлықпен күресе алмасаңыздар біз болып, халық болып, белсенділер болып өзіміз күресейік», -деді Дәулет Мұқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілінен.


Сұраққа жауап берген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов анонимді фактілерді де талдауға алатынын айтты.

«Ол азаматтың арнайы арызы болуы керек. Оны талдау емес, қылмыстық істің жедел жұмыстары атқарады. Егер қылмыстық іс анықталса, ол іс тіркеліп, үстінен іс қозғалады. Егер анонимді факті болса, талдауға аламыз. Қылмыстық іс қозғалуы үшін шағымданушының арнайы арызы болуы керек», - деді Саян Ахметжанов.