Фото: ашық дереккөзден
Қазір Қазақстанның кинотеатрларынан «Нұрикамал» фильмі жүріп жатыр. Бұл әннің шығу тарихы біраз жанды ойға салып, қоғамды екіге қақ айырған еді. Енді міне фильм де көгілдір экраннан көрсетіліп, көрерменнің пікірі екі арнаға айрылды.
Ел арасында отыз жылдан артық уақыт бойы тыңдалатын туындының тарихына тоқталайық:
“Нұрикамал” әні 1988 жылы жарық көрген. Әнінің шығу тарихы да қызық. Ән композитор Тұрдықылыш Ізтаевтың Нұрикамал есімді қызға ғашық болуынан туған. Әннің сөзін Тұрдықылыш Ізтаевтың жары, ақын Ханбибі Есенқарақызы жазыпты. Ерлі-зайыптының ол кезде үш баласы болған. Бұл туралы ақын Ханбибі Есенқарақызы 2020 жылда Qazaqstan телеарнасындағы “Таңшолпан” бағдарламасында айтқан еді.
Баяғы ән, енді киноға айналып көрерменге жол тартты. Фильмнің режиссері Ернат Байұзақ, ал сценариін жазған Қанат Рамазан. Фильм үлкен экранға шыққаннан түрлі пікірлер айтылып жатыр.
«Қазақтар, сендерге не болды?»
Белгілі баспагер Бақытжан Бұқарбай фильмді көрмейтінін айтып, тіпті әннің шығу тарихын да ұнатпайтынын Фейсбуктағы парақшасына жазыпты:
«Үш баланың әкесі Нұрикамал есімді жас қызға ғашық болыпты. Ал ақын әйелі оның сезімін қолдап, күйеуінің атынан осы әйелге арнап махаббат жырларын жазған. Ал, олар мұны әйел даналығы ретінде көрсетуге тырысып жатыр. Тіпті, кейбіреулер шығармашылық үшін отбасыңды құрбан етуге болады деп жазып, оны ерлік деп атауда. Мен бұндай фильм неге дәріптелетінін түсінбеймін. Менің ойымша, бұл отбасыдағы дұрыс емес қарым-қатынас. Қазақтар, сендерге не болды? Өз басым ерлердің бұндай әрекетін сатқындық деп санаймын. Ер адам әйелі мен балаларының алдында жауапты болуы керек. Сондықтан ондай адамдарды түсінбеймін. Ал, әйелдің әрекетінен ешқандай даналықты көріп тұрған жоқпын. Кейінірек үшеуі де отырып сөйлесіп, бір-бірімен жақсы араласқан деп жатыр. Мейлі! Отбасындағы мұндай қарым-қатынастар қоғамға үлгі болмау керек деп есептеймін. Иә, өмірде түрлі жағдай болады. Бірақ бәрі де жариялауға тұрарлық емес», - деп жазды Бақытжан Бұқарбай.
Журналист Гүлзина Бектасова да "Нұрикамалға" барғанын айтып, Фильм мазмұны жағынан өте жақсы деп бағалаған. Алайда журнаистің пірінше фильм тым асығыс-үсігіс түсірілгені байқалады.
«Гүлбаһрам мен Фаризаның ойыны... Гүлбаһрамда ізденіс бар, бірақ кейіпкерін дұрыс аша алмаған. Фариза Оңғарсынова туралы эпизодты не үшін қосқанын түсінбедім. Рөлдегі қыз тіпті жасанды ойнады. Нурикамалдың рөліндегі Фариза Ескерместің бейнесі бір қарағанда сүйкімді көрінеді, бірақ ән арнайтындай кейіпкер емес. Шын мәнінде, өте арзанннн (қаржылық жағдайы ғана емес) фильм түсірілгені көрініп тұр. Өнер бәрінен биік екенін айтқысы келгенін түсіндік, бірақ бұл фильмге де өнер туындысы деп қарау керек еді. Жігіттер қауымына ұнайтынын білем, өйткені Ханбибі апаның биіктігіндей парасатты әрбір саналы әйел затынан күтеді ғой олар», -дейді Гүлзина Бектасова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
«Махаббатқа сеніп өзіңді сол жолда құрбан ете алған тағдырың болу керек»
Журналист, тележүргізуші Сәуле Әбілдаханқызы «Нұрикамал» әнін, өлеңін, тарихын, Ханбибі феномені мен Тұрдықылыш сезімін түсіну үшін үлкен жүрек, терең сана керек деп есептейді.
«Сосын махаббатқа сеніп өзіңді сол жолда құрбан ете алған тағдырың болу керек... бәрін материямен өлшейтіндер және қазақтың ұлттық болмысын, мінезін, тағдырын, тарихын терең білмейміндер ол әңгімені де, оқиғаны да, киноны да, мінезді де, тағдырды да түсінбейді... және оларға түсіндіремін деп әуре болудың да керегі жоқ... басына түспей, ешкім біреудің өмірін, тағдырын, мінезін, шешімдерін түсінбек емес...», -депті фейсбук парақшасында.
«Әйелдіктен гөрі ақындықты жоғары қойдым»
Желіде желдей ескен дебатқа айналған фильмді кейбіреулер, “Отбасылы кісінің басқа адамға ғашық болуы ерсі қылық” десе, басқалар ақын Ханбибі Есенқарақызының ісін ерлікке балап отыр. Бұл пікірге ақынның өзі Nege.kz порталына берген сұхбатында өз ойын айтты.
Ханбибі Есенқарақызы фильмде ешкімнің отбасын бұзу насихатталмағанын айтып, әннің “таза адамдардан шыққан, таза махаббаттың үлгісі” екенін жеткізді.
«Бұл жерде мен әйелдіктен гөрі ақындықты, өнерді жоғары қойдым. Абай «Көңілге түрлі ой салар, жақсы ән мен тәтті күй» демей ме? Біз осы сөздің қадіріне әлі жетпедік. Жақсы ән ой салды. Сондықтан мәтінін жазып беруге тура келді. Әрине, бұл маған да оңай болды деп айта алмаймын. Десе де ән ауға түскен балықтай, торға түскен құстай бұлқынып тұрды. Себебі сөзі жоқ болған соң шықпай тұр. Сөзін жазып бергенім үшін кінәлі емес шығармын», - деді Ханбибі Есенқарақызы.
Бекболат Мұхтаров