«Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын»
Салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы; қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-кұлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін терминге жатады .
Салт-дәстүр ұлт үшін өмір сүру қағидасы, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық – өнеге тәжірибесін құраған. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындаумен бірге оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап та отырған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Мысалы, той, наурыз көже, қыз ұзату, қонағасы, шашу, ерулік ата салты болып саналады. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Салт-дәстүр байлығы – мәдениеттің байлығы. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың, т.б. салт-дәстүрге жатады. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Әдет, ғұрып, ишара, ырым, тыйым, дағды бәрі осы салт-дәстүр көрінісі .
Әрбір халықтың әдет-ғұрпы бар
Әрбір өркениеттің, әрбір ұлттың өзіндік дүниетанымы бар. Түрлі халықтардың тарихын зерттеген ғалымдар жер бетінде ешқашан дінсіз, наным-сенімсіз ел болмағандығына анық көз жеткізді.
Адамзат түрлі халықтардан, ұлт пен ұлыстан тұрады. Әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері, тілі мен дәстүрі, діни нанымдары бар. Мұндай алуан түрлілік Алла Тағаланың хикметі.
Жаратқан Ие былай дейді: «Әй, адам баласы! Шүбәсыз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» . Осы аятқа зер салсақ, мынадай қорытынды шығарамыз. Құдай Тағала адамзатты түрлі ұлттарға бір-бірлерін танулары үшін бөлген. Бір-бірін тануы арқылы олар өздерін таниды, ал өздерін танулары арқылы Жаратушыны таниды. Жер бетіндегі қаншама миллиондаған адамдардың түбі – бір, барлығы Адам атадан тарайды. Сондықтан да мұсылмандар басқа ұлттарды көргенде шарапатты аят-хадистерге сүйеніп: «Бәріміздің тегіміз – Адам ата, ал оның тегі – топырақ», – деп айтады.
Адамзаттың Алла Тағаланың алдындағы ең қадірлі тобы болып саналатын мұсылман үмбетінің өзі неше түрлі ұлт-ұлыстардан құралған. Пайғамбар (с.а.с.) арабтан болып, Құран арабша түсті дегенмен мұсылмандардың барлығы арабтар емес. Керісінше, қазірде арабтар мұсылмандардың азғантай бөлігі болып саналады. Әлемде екі миллиардқа жуық мұсылман бар десек, соның үш жүз миллиондайы ғана арабтар. Ал бір Үндістанның өзінде үш жүз миллионға жуық мұсылман бар.
Енді осы мұсылман халықтарының әрбірінің тұрған жеріне, аймағына қарай өзіне тән нәсілдік, тілдік, ұлттық ерекшеліктері бар. Бірақ барлығының діні, танымдық тұғыры бір болғандықтан салт-дәстүрлері, мәдениеті ұқсас болып келеді. Өйткені бәрінің наным-танымы Құран мен хадиске негізделген.
Орналасқан ортасына, табиғатына қарай әрбір мұсылман халқының өзіндік айырма белгілері, мәдениеті, тілі бар. Шариғат бұл айырмашылықтарды теріске шығармайды. Керісінше, заманы мен мекеніне қарай пәтуалардың өзгеруі мүмкіндігін ескертеді.
Мұсылман халықтарының салт-дәстүрлерінің бәрі бірдей шариғат шарттарына сай келе бермейді. Олардың арасында надандық дәуірден қалған, мұсылманшылықпен қабыспайтын сарқыншақтар да болуы ықтимал.
Дәстүрді теріске шығару – адасушылық
Мұсылман шариғатында адамдардың еркіне қалдырған мубах яки ерікті істер бар. Мысалы, тойларды, мейрамдарды өткізу жолдары, салт-жоралғылары әрбір халықта әркелкі. Олардың бәрін шариғатқа сай келмейді деп айтуға болмайды. Керісінше, олар әрбір мұсылман халқының ғұламаларының көз алдында әрі олардың құптауымен сан ғасырлардан бері атқарылып келе жатқан ғұрыптар. Сондай ұлттық ерекшеліктерге, тілдік ерекшеліктерге қарсы шығу, оларды дәл арабтардікіндей етуге тырысу барып тұрған надандық. Өйткені адамзаттың ұлт-ұлысқа бөлінуі аталмыш аятта айтылғандай Жаратқанның Өз жаратылысына бекітіп берген мызғымас заңы. Ал жаратылыстық қағидаға қарсы шығу қасаңдыққа шалдыққан шала сауаттылардың ісі.
Қазіргі қазақ қоғамындағы діни білімге деген құштарлық әсіресе жастардың арасында басым. Әрі мешітке келушілердің негізгі бөлігі де солар. Сондай-ақ, нақтылы діни білім алғандардың көпшілігі жастар. Ал жастар ғұмырлық тәжірибесі аз болғандықтан өзім білемдікке салынып, максималистік көңіл-күйге бой алдырып көптеген қателіктерге ұрынады. Жасына жетпей шейх атануға құлшынады. Құран мен хадистің негізгі мұраттарын түсінбей, қателіктерге жол береді. Нақтылы үкімдерді қамтитын мухкам дәрежесіндегі аяттарды ысырып қойып, қоғамда жаңалық ашуды көздегендей екінші дәрежелі ұқсас ұғымды муташабиһ дәрежесіндегі аяттарды алға шығарып, ғалымдар арасында түрлі көзқарас тудырған мәселелерді көтеріп, дау-дамай туғызып жатады. Мұндай келеңсіздіктердің басты себебі діни білімге ие болғандардың шала сауаттылығы немесе албырттық көңіл-күйлері. Нақ сондайлардың арасында өз ұлтының талай ғасырлардан бері қалыптасқан құндылықтарын, мәдени мұраларын, тіпті, тарихы мен қазіргі болмысын жоққа шығаратындар да табылады. Егер олар шариғат шарттарын терең түсінсе, ондай адасушылыққа бармас еді.
Сонымен қатар дін саласында тәжірибелі, білімді деп есептелетін кейбір діндарлардың өзі дінге болысудың жөні осы екен деп, қазақша бірдеңе жазғанда араб, түрік сөздерін қаз-қалпында жазады. Мысалы, қазақтар Жүсіп, Жақия, Жүніс деуге үйренген әу баста бар есімдерді араб тіліндегі қалпында Юсуф, Яхия, Юнус деп береді. Осындай қылықтары арқылы олар екі түрлі қателікке бой алдырады. Біріншісі – дін мұратын жаңсақ түсіну. Ислам діні ұлттық ерекшеліктерді жоюға, әрбір тілдің табиғи заңдылықтарын мансұқ етуге мүлде шақырған емес әрі шақырмайды да. Керісінше, әрбір елдің өзіне тән жағымды әдет-ғұрыптары мен қалыптасқан заңдылықтарының сақталуына ерекше мән береді. Олардың екінші қателігі өз халқының тарихы мен ділінен, тілі мен рухани әлемінен бейхабар болуы. Сондықтан ұлтымыздың генетикалық жадында ғасырлардан бері сақталып келе жатқан өзіндік болмысын, дәстүрі мен мәдениетінің тамырына балта шабады. Қазақ тіліне араб не түрік тілінің заңдылықтарын әкеп тықпалап, таза қайнарының тұнығын лайлайды. Сөйтіп, қазақ тілінің емлесі мен грамматикасына «ерекше жаңалық» енгізгісі келеді. Әрі соларын үлкен абырой, білімпаздық деп таниды. Бұдан асқан бірбеткейлік жоқ. Діннің шариғатқа қайшы келмейтін ұлттық әдет-ғұрыпты, тілдік ерекшеліктерді теріске шығармайтынына қарамастан, оларды мансұқ етуге тырысу нағыз мәңгүрттің әрекеті. Сондайлардың қазақ ақын-жырауларының діни тақырыптағы өлеңдерін «өз емлелеріне», «сенімдеріне» сай етіп өңін өзгертіп жазатындарына да куә болып жүрміз. Алла Тағала оларға тура жол, тереңірек білім нәсіп етсін.
Сонымен қатар, қазіргі қазақ қоғамында халқымыздың дәстүрі мен тарихын, тілдік ерекшелігін мансұқ ететін, не жартылай мойындамайтын нигилистермен бірге әдет-ғұрыпты, қазақшылықты қорғаудың жөні осы екен деп дінді төмендетіп, ұлттық дәстүрді одан жоғары қоятындар да бар. Олардың көпшілігінің терең діни білімі жоқ. Бірақ осы тақырыпты талқылауға аса құштар. Дәлелдерінің дені дәстүр мен даналар сөздері. Шариғаттан мардымды мағлұмат болмағандықтан әдет-ғұрып пен дін арасындағы байланысты тереңірек түсіндіруге қауқары жоқ. Нәтижесінде алғашқысына басымдық беріп, екіншісін төмендетеді. Мұндай қасаң пікірлердің ғұмыры қысқа. Себебі, адамдардың діни сауаттылығы артқан сайын айтушыға деген талап та күшеймек.
Дәстүрдің діндегі орны
Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнен айырмашылығын бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын, кемшілігін бағалай аласың. Мұның өзі Жаратушының әрбір халықтағы иләһи белгілері, хикметі.
Тарих беттерін ақтарып отырып басқыншы елдердің бодан жұрттың ұлттық айырым белгілерін, дәстүрлерін ұмыттыруға тырысқандығын көреміз. Сосын оларға өздерінің тілі мен дінін, мәдени құндылықтарын әкеліп тықпалаған. Ал өзінің тілі мен дінін, салт-дәстүрін ұмытып, оның орнына өзгенікін сіңіріп алған жұрттың болашағы жоқ. Ислам діні де мұны құптамайды. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылмандардың өзге халықтардың теріс әдет-ғұрыптарына еруіне тыйым салған. Өйткені өзгенің қаңсығын таңсық көріп, өзіндегі рухани құндылықтар, қағидаларды аяқ асты еткен кезде иман да жоғалады.
Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлгіне айналды.
Ислам шариғаты дұрыс ұғымдарды, ізгі мұраттарды бекітіп, бұрыс ұғымдарды тоқтату үшін келді. Сондықтан мұсылман халықтарындағы дәстүрлерді елеп-екшейтін басты безбен шариғат болып саналады.
Халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптар Ислам заңнамасындағы құқықтық нормалардың бастауларының бірі болып саналады.
Алла Тағала: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деп бұйырған .
Алланың Елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық түскен кезде арабтардың арасында да алуан түрлі әдет-ғұрыптар, дағдылар бар болатын. Пайғамбар (с.а.с.) олардың Құдай Тағаланың әмір-тыйымына керағар келмейтінін қабылдап, қарсы келетініне тыйым салды.
Шариғатта халыққа үйреншікті болған жақсы дағдылар мен әдет-ғұрыптарды дәлел ретінде келтіруді барлық мазһабтардың имамдары қолдайды.
(Материал ҚМДБ-ның мақұлдауымен жарияланды)
Ағабек Қонарбайұлы,
ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы