17 қыр, 2020 сағат 12:10

Дәрігер иммунитетті нығайтудың тиімді жолдарын атады

Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман тұрғындарға иммунитетті қалай көтеруге болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, КВИ және тағы басқа инфекциялардан сақтану үшін дұрыс тамақтану керек. Әсіресе, көкөністер мен жеміс-жидектерді көп жеу қажет. 

«Қазір күз мезгілі. Жеміс-жидек пен көкөністердің пісіп жатқан уақыты. Олардың денсаулыққа пайдасы орасан зор. Әсіресе, алма мен жүзімді көбірек жеңіздер. Жүзімнің құрамында антиоксидант бар. Ол өкпені дерттен қорғайды. Сондай-ақ, қыс мезгілінде кептірілген немесе тоңазытқышта сақталған жемістерді жеу адам азғасы үшін өте пайдалы. Ол түрлі инфекциялардан қорғайды», - дейді Алмаз Шарман. 

Сонымен қатар, ол D витаминін алу да маңызды екенін жеткізді. 

«Қазір ауа райы тамаша. Күн шуақты болып тұр. Далада таза ауада көбірек серуендеңіздер. Күн сәулесінен D витаминін аласыздар. Дұрыс ұйықтау да маңызды. Ол иммунитетті көтереді. Стреске түспеу жағын ойлаңыздар. Ол иммунитетті төмендетеді. Сондықтан жағымсыз хабарларға көп мән бермеуге тырысыңыздар. Мен адамзат баласы коронавирус пандемиясын жеңеді деген үміттемін», - деді спикер.