03 ақп, 2021 сағат 09:45

Дариға Назарбаева қандай вакцина салдыратынын айтты

Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева Спутник V вакцинасын салдыруды жоспарлап отырғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Міндетті түрде салдырамын. Сіздерге де кеңес беремін", - деді Назарбаева.

Қандай вакцина салдырасыз деген сұраққа:

"Әрине, Спутник. Отандық вакцина әлі тіркелген жоқ қой", - деп жауап берді.

Бұған дейін мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай да COVID-19-ға қарсы вакцина алуға дайын екенін мәлімдеді. Бірақ, ресейлік "Спутник V" немесе қазақстандық QazCovid-IN вакциналарының қайсысын егетінін шешпеген.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қазақстандық вакцинаны салдыратынын айтса, әділет министрі Марат Бекетаев дәрігерлердің кеңесіне құлақ асатынын жеткізді.

Биыл 1 ақпанда Қазақстанда Спутник V вакцинасын салу басталды. Ақпан айында барлығы 112 мың доза вакцина, ал наурызда 150 мың жеткізіледі. Ал сәуір-маусым аралығында вакцина дозасы ай сайын 600 мың болады.

Сондай-ақ, сәуірден бастап отандық QazCovid-in вакцинасы егіле бастайды. Бастапқыда көлемі 15 мың болса, ай сайын 500 мың дозаға дейін артады.

Екпе, бірінші кезекте, медицина қызметкерлері, мұғалімдер, полицейлер мен әскерилерге салынады.