Жақында «Егемен Қазақстан» газетіне, көрнекті мемлекет қайраткері, Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, алашшыл азамат Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Өшпес ерлік» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде қайсарлығымен танылып, 289 немісті жер жастандырған, өзі де сол кескілескен ұрыста қаза тапқан даңқты сұрмерген Ыбырайым Сүлейменовтің ерлігі баяндалады.
Ыбырайым Сүлейменов - қазіргі Жамбыл облысының тумасы. Мақалада айтылғандай, ол 1941 жылы әскерге шақырылып, Алматыдағы 100-атқыштар бригадасына келіп қосылады. Ал 1942 жылдың тамызында Мәскеу әскери округінің қарамағанына келіп, осы жылдың қазан айында Калинин майданының құрамында соғысқа араласады.
Құралайды көзге атқан мерген атамыз ІІ Жаһан соғысы тарихындағы үш үлкен әскери операцияға – «Марс» деп аталатын Ржев, Сычевка бағытындағы шабуылға, Великие Луки қаласын азат ету жорығына және Невель қаласын жаудан босатуға арналған шайқастарға қатысыпты. Осының бәрінде ғажайып мергендігімен көзге түсіп, үш рет қатарынан әскери марапатқа ұсынылады.
Оның ерлігін Ұлы Отан соғысының даңқты қолбасшылары – Кеңес Одағының Батыры, армия генералы К.Галицкий, генерал-лейтенант Ф.Лисицын, генерал-майор Ф.Зуев және генерал-майор А.Литвинов мойындады. Мойындап қана қойған жоқ, мергенді қатарынан бірнеше рет мәртебелі марапаттарға ұсынып, соғыс аяқталғаннан кейін жариялаған әскери мемуарларында оның ерлігін зор ризашылықпен тамсана жазады.
Тіпті қазақ жауынгерінің даңқы шарықтап, шырқау шыңға жеткенде – 1943 жылдың 9 шілдесінде Ыбырайым Сүлейменов Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. Бұл құжатқа үш бірдей орыс генералы К.Галицкий, А.Литвинов және Ф.Зуев қол қойған. Дегенмен, түрлі себептермен Сүлейменовке деңгейі бір дәрежеге төмен Ленин ордені ғана беріледі. Мақалада осындай деректердің бәрі Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери мұрағатында сақталып тұрған нақты мәліметтермен дәлелді түрде келтірілген. Құжаттардың суреттері де қоса берілген.
Сондай-ақ, осы мақалада кезінде Алтын Жұлдыз бұйырмаған Ыбырайым Сүлейменовке тәуелсіз Қазақ елінің «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы мәселе көтерілген. Шын мәнінде, бұл - әбден қолдауға тұрарлық бастама. Осы бастама назардан тыс қалмай, тиісті шешімдер қабылданса екен деген тілегіміз бар.
Ел болдық, еңсе көтердік деп шіренгенде үзеңгіні үзе жаздайтынымыз рас. Соны іс жүзінде дәлелдеп, болашақ ұрпақтың бейбітшілігі үшін құрбан болған даңқты батыр бабамызға лайықты құрмет көрсету – баршамыздың абыройлы міндетіміз.