Сурет: Facebook.com
Режиссер Данияр Саламат қазақ кино өнерінің қазіргі жағдайын сынға алып, өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, ұлттық кино өнері идеологиялық жағынан және қаржылық жағынан қиын жағдайда, деп жазады Orda.kz режиссердің facebook парақшасына сілтеме жасап.
Данияр Саламаттың «Күміс қоңырау» жобасы Ұлттық киноны қолдау орталығының питчингінен өтсе де, Ведомствоаралық комиссия тарапынан қолдау таппады. Режиссердің сөзінше, комиссияның шешімдері түсініксіз және әділетсіз болды. Сондай-ақ, қазақ кино өнері жүйелі реформаларға мұқтаж екенін ол баса айта кетті.
Ол қалың шудың арасынан киноны арашалап қалу керектігін атап өтті. Ұлттық киноға ұсынылған көптеген жобалардың жартысы қазылар алқасының назарына ілікпей тұрып, өтпей қалады. Мысалы, ол өз сөзінде Тимур Бекмамбетовті сынап өтті. Оған қаржы бергенше, ақшаны талантты жастарға беріп, қолдау көрсету керектігін айта кетті.
«Тимур Бекмамбетов деген кім? Оған неге жарты ауыз сөз айтса, жалп етіп жобасын өткізе қояды? Тимур қазақтың ұлттық руханиятына не бермек, алғаннан басқа? Басқа «тимуршылар» не бермек? Ол 2007 жылы «Қазақфильмде» жалаулатып бастаған «Алтын адамының» аяғынан шығып алсын да? Басын таудай қылып бастап, соңын тышқанның құйрығындай сүйірлеп кетпеп пе еді?
«Өзін қор санау комплексі» дегеніміз - осы. Болмаса, Тимурға («тимуршыларға») кеткен қаржыны толымды ұлттық кино жасау үшін неге Әлішер Жәдігеровке («Жетімдер»), неге Әрібибек Өралтай («Өтүкен») деген жалындаған рухты, талантты жастардың талантты жобаларына бермеске?», — деді Данияр Саламат өз жазбасында.
Еске сала кетейік, Данияр Саламат түсірген «Талақ» фильмі биыл Халықаралық Шанхай фестивалінде үздік деп танылып ел мерейін асқақтатқан болатын.