23 қаң, 2023 сағат 16:34

Cуицид жасаған сарбаздың денесінен досының шәуеті табылды – адвокат

© Sputnik / Табылды Кадырбеков

Жамбыл облысында өз-өзіне қол жұмсаған мерзімді қызметтегі сарбаздың киімі мен аузынан бөтен адамның биоматериалы табылды. Күдікті сержанттың адвокаты Сержан Пірәлиев жаға ұстатарлық фактілерді жария етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жамбыл облысының шекарасында әскери борышын өтеген 18 жастағы Бекбол Мираш 2022 жылдың тамызында ат қорадан өлі табылды.

Осыдан кейін бөлім командирі қамауға алынып, оған қатысты "ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билікті асыра пайдалану" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Адвокат Пірәлиев сот-медициналық сараптама нәтижесіне сәйкес марқұмның денесінде екі немесе одан да көп адамның ДНҚ-сы табылғанын, бірақ өзі қорғап жатқан күдіктінің ДНҚ-сы болмағанын айтты.

"Қорғаушы тараптың өтініші бойынша бірқатар сараптама тағайындалды. Ең бастысы, биологиялық сараптама жасалды. Олар марқұмның ауыз қуысынан, сондай-ақ іш киімінен, марқұмның футболкасынан шәует іздерін тапты. Содан кейін ДНҚ тағайындалды. Менің қорғаушымның шәуеті марқұмның денесінен, киімдерінен табылмады. Сондай-ақ қан топтары сәйкес келетін басқа әскери қызметшілерге қатысты ДНҚ сараптамасын жүргізу туралы өтініш болды. Жақында ДНҚ сараптамасының нәтижесі алынды, онда іш киімде, футболкада марқұмның ғана емес, сонымен қатар екі немесе одан да көп ер адамның ДНҚ-сы болғаны анық көрсетілген. Солардың бірі – марқұмның жақын әріптесі және досы", - дейді адвокат Сержан Пірәлиев.

Қорғаушы тарап қатардағы жауынгерге қатысты қаруластары тарапынан жыныстық сипаттағы әрекеттер жасалған болуы мүмкін деп санайды.

Алайда адвокаттың қалған әскери қызметшілерге қатысты ДНҚ сараптамасын жүргізу туралы өтініші қанағаттандырылмады. Адвокат әскери басқарманың бұл нұсқаны қарастырғысы келмейтінін және қылмыстық істі тезірек аяқтағысы келетінін айтты.

Естеріңізге сала кетейік, Жамбыл облысында 2022 жылдың тамыз айының соңында мерзімді қызметтегі әскери қызметші суицид жасады. Кейін сарбаздың өліміне байланысты күдікті ұсталды.