02 мам, 2021 сағат 16:05

Crew Dragon-1 кемесі ХҒС-тегі ғарышкерлерді Жерге жеткізді

Жапон ғарышкері Соичи Ногучи мен НАСА ғарышкері Майкл Хопкинс.

Халықаралық ғарыш станциясынан ұшып шыққан америкалық Crew Dragon-1 кемесі 6,5 сағаттан кейін Мексика шығанағына аман-есен қонды.

Жерге оралғандар: НАСА ғарышкерлері Майкл Хопкинс, Виктор Гловер, Шеннон Уокер және жапон ғарышкері Соичи Ногучи. Ғарышкерлер отырған капсуланы судан шығарып алу үшін қону аймағына іздеу-құтқару кемесі жіберілді.

Crew Dragon-1 экипажы ХҒС-те жарты жыл жұмыс істеді. Кеме былтыр 15 қарашада Канаверал мүйісіндегі Кеннеди ғарыш орталығынан ұшырылып, ХҒС-ке келесі күні жеткен.

Кеме SpaceX компаниясының ХҒС-ке ғарышкер жеткізген екінші жобасы. Бірінші сапарды 2020 жылы мамырда Crew Dragon кемесі жасаған. Сынақ кемесі ХҒС­-ке НАСА-ның екі ғарышкерін апарған. Сәуірдің ортасында SpaceX компаниясы ғарыш станциясына Crew Dragon-2 дейтін үшінші кемесін жеткізді. Компания бұл сапарларды НАСА тапсырысымен орындады.

Қазір ХҒС-те «Роскосмос» ғарышкерлері Олег Новицкий мен Петр Дубров, НАСА ғарышкерлері Марк Ванде Хай, Меган Макартур, Шейн Ким, Еуропа ғарыш агенттігінің ғарышкері Томас Песке, жапон ғарышкері Акихико Хосидэ бар дейді «Интерфакс» агенттігі.