24 мау, 2021 сағат 15:40

COVID: Ұлыбритания халықтың шетелге шығуына рұқсат береді, Израильде ата-аналарға айыппұл салынады


Коронавирустың таралуына қарсы ведомствоаралық комиссия әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға шолу жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ұлыбритания билігі коронавирусқа қарсы екпе салдырған тұрғындардың әлем бойынша саяхаттауына рұқсат беруді жоспарлап отыр. 

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Мэтт Ханкок мәлімдеді. 

Бұл азаматтарға Франция, Италия, Испания, Португалия, Греция және АҚШ сияқты мемлекеттерге баруға мүмкіндік береді. 

Оның айтуына қарағанда, Үкімет вакцинация арқылы әлемнің кез келген елінде еркін жүру мүмкіндігін қалпына келтіруге септігін тигізетін жоспарларды іске асырмақ. 

«Бұл шаралар клиникалық тұрғыдан әлі ұсынылған жоқ. Біз осы мәселелерді қазіргі таңда шешіп жатырмыз. Вакцинация бағдарламасының мақсаты да сол. Міне, сондықтан әрбір ересек адамның екпе алуы өте маңызды», - деп түсіндірді министр. 

Сонымен қатар, саяхатшыларға үйге оралғаннан кейін оқшауланудың қажеті де болмайды. 

Израильдің Денсаулық сақтау министрлігі балаларының карантин талаптарын бұзғаны үшін ата-аналарға 5000 шекел (шамамен 660 мың теңге) айыппұл салу санкциясын енгізді. 

Тиісті бұйрыққа денсаулық сақтау министрлігінің Бас директоры профессор Хези Леви 23 маусымда қол қойды. 

Бұл шара Сovid-19 инфекциясын жұқтыру оқиғалары санының артуына байланысты қолға алынып отыр. 

Инфекцияны жұқтырудың жаңа эпизодтары елдің әртүрлі аймақтарында тіркелуде. 

Енді карантинге жатқызылған бала шектеу шараларын бұзған жағдайда, баламен бірге тұратын ересек адамға 5000 шекел айыппұл салынуы мүмкін. 

Колумбияға Janssen вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді. 

Ел президенті Иван Дуке өзінің Twitter-інде Колумбияға Janssen компаниясы шығарған екпенің алғашқы 480 мың дозасының жеткізілгенін хабарлады. 

Оның айтуынша, вакцинаның бұл партиясы елдің шалғай аудандарындағы тұрғындарды екпемен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Колумбияда COVID-19 коронавирус инфекциясы анықталған жағдайлардың саны шамамен 4 миллионды құрайды.