10 там, 2020 сағат 17:43

COVID-2019: Әлемдегі ахуал қандай?

Өткен жылдың желтоқсан айының соңына қарай Қытайдың орталығындағы Хубэй өлкесіне қарасты Ухань қаласында шығу тегі белгісіз өкпе қабынуының алғашқы жағдайы тіркелген болатын. Сол кездің өзінде-ақ вирустың жергілікті жан-жануарлар мен теңіз өнімдерімен байланысты екендігі айтылды. 2019 жылдың 31 желтоқсанында Қытай билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ел ішінде белгісіз өкпе қабынуының өршіп тұрғандығын хабарлауға мәжбүр болды. Ал 2020 жылдың 30 қаңтарында ДДСҰ жаңа коронавирустың тарауына қатысты жағдайды халықаралық деңгедегі қоғамдық денсаулық сақтау саласына төнген төтенше жағдай ретінде мойындады. 11 ақпанда коронавирус індетіне COVID-2019 атауы берілді.

Бүгінде бүкіл әлем жұртшылығы шығу тарихы осындай бұл індетпен ымырасыз күрес жүргізіп жатқанына қарамастан оның басыла қояр түрі жоқ. Коронавирусты емдейтін препаратты да әлем ғалымдары дайындап үлгерген емес. Иә, вакцина дайындау бағытында Қытай, АҚШ, Ресей, Жапония сынды елдермен қатар Қазақстан ғалымдары да күні-түні айналысып жатыр. Кейбір елдер, оның ішінде Қазақстан да коронавирусқа қарсы егілетін вакцинаны қазіргі уақытта оны әзірлеуші ғалымдардың өздеріне салып, сынақтан өткізіп жатқаны белгілі. Дегенмен, вакцина келер жыл ғана дайын болуы мүмкін. 

Міне, осындай ауруға бүгінгі күнге дейін әлемде соңғы деректерге сәйкес 20 миллионнан астам шалдығып, 734 мың адам көз жұмған. Ал емделіп шыққандардың саны 13 миллион адамға жақындап қалды. 6,4 миллионға жуық адам ем алып жатса, олардың ішінде 65 мыңға жуық адамның жағдайы өте ауыр ретінде бағаланып отыр. 

Коронавирус індетінің таралу қарқыны қазіргі уақытта жоғары болып тұрған елдерге келер болсақ, АҚШ көш бастап тұр. Бұл елде осы уақытқа дейін Covid-19 жұқтырудың 5 199 444 жағдайы дәлелденген. Өткен тәуліктің өзінде ғана вирус жұқтырғандар саны 18 374 адамға артты. Қаза тапқандар саны 165 617 болды. Бүгінде 2 369 126 адам ем алып жатса, соның 17 812-сінің жағдайы өте ауыр.

Екінші орында тұрған Бразилияда бір тәулікте 17 296 адам вирус жұқтырып, жалпы коронавирусқа шалдыққандар саны 3 035 582 адамға жетті. Оның ішінде 2 118 460 адам емделіп шықса, қаза тапқандар саны 101 136 адамға болып отыр. 815 986 дәрігерлердің жіті бақылауымен ем алып жатыр. 

Үндістанда осы уақытқа дейін коронавирус індетін жұқтырудың 2 217 645 жағдайы тіркеліп, 44 499 адам аурудан қаза тапты. 1 536 259 адам емделіп шықса, бүгінде ем алып жатқандардың саны - 636 887 адам. Төртінші орында тұрған Ресейде 892 654 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі. Тек соңғы тәулікте ғана 5 118 адамнан вирус анықталып отыр. 696 681 адам емделіп шықса, 180 972 адам ем алу үстінде. Мұнан кейінгі орында тұрған Оңтүстік Африка Республикасында өткен тәулікте Covid-19 жұқтырған науқас тіркелмегенімен осыған дейін індетке 559 859 адам шалдыққаны белгілі. Бұл елде 10 408 адам коронавирус құрбаны болды. Қазіргі уақытта 137 977 адам ем алып жатыр. Олардың 539-ының жағдайын дәрігерлер өте ауыр деп бағалауда. Ал емделіп шыққандар саны - 411 474 адам. 

Коронавирус індеті ең көп тараған 10 елдің тізіміне аталған мемлекеттерден бөлек Мексика, Перу, Колумбия, Чили, Испания кіреді. Соңғы екі мемлекетте соңғы тәулікте коронавирус жұқтырған науқас тіркелмеген. Ал Мексикада өткен тәулікте ғана 4 376, Перуде 7 012, Колумбияда 10 611 адам вирус жұқтырып алған. 

Ал Қазақстанда жағдай біршама тұрақталып келеді. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен шілде айының 5-інде енгізілген бір айлық қатаңдатылған карантин шаралары өз септігін тигізгені сөзсіз. Мәселен, осыдан 1 ай бұрын елімізде күнделікті вирус жұқтырғандар саны 1 500-1 600 адамды құрса, бүгінде ол екі есеге қысқарды. Айталық өткен тәулікте елімізде 741 адам коронавирус індетімен ауырғаны белгілі болды. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны - 99 442 адам. Жазылғандар саны – 72 523 адам. Өкінішке орай қауіпті дерт 1 058 адамның өмірін жалмап кетті.

ҚазАқпарат