04 ақп, 2021 сағат 07:45

COVID-19: жаңа мутация вакцинаның тиімділігін он есеге төмендетеді

Кембридж университетінің ғалымдары вакцинаның тиімділігін 10 есе төмендететін коронавирустың қауіпті мутацияларын анықтады. Оған қоса оксфордтық сарапшылар Oxford-AstraZeneca вакцинасы бірінші екпеден кейін-ақ жақсы қорғайтынын дәлелдеді. Ухань қаласына келген ДДСҰ сарапшылары коронавирустың таралып кетуіне жол берген Вирусология институтының зертханасын жеке тексермек. Бұл туралы ВВС хабарлады.

Қауіпті мутация

Кембридж университетінің ғалымдары E484K деп аталған B.1.1.7 британдық штаммның 11 мутациялану жағдайын анықтады. Ол коронавирустың Оңтүстік Африка мен Бразилияда тез таралуына әкеп соғуда. 

BioNTech/Pfizer вакцинасын алған адамдардың қанындағы антидене көрсеткендей, бұл вакцина E484K мутациялы вирусқа қарсы 10 есе тиімсіз болып шықты. 

Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок Бристол мен Ливерпульде мутацияланған жағдайлар анықталғанын растады. Енді осы аудандарда жаппай тестілеу өткізіледі. 

Сондай-ақ Британияда вакцинаның алғашқы дозасын 10 млн адам алды. Ғалымдар вакцина жаңа мутацияға қарсы тиімді болмаса да, вакцинация бағдарламасы індетке шалдығу және өлім жағдайын айтарлықтай төмендетуге көмектесетініне сенімді. 

Қаңтарда АҚШ-та өлім жағдайы рекордтық көрсеткішке жетті

Сәрсенбі күні АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының директоры Рошель Валенски коронавирустың жаңа үлгілері таралу қаупі туралы айтты. Оның сөзінше, Америкада қаңтар айында коронавирустан 90 мың адам қайтыс болған. 

Кейінгі күндері коронавирус жұқтырғандар мен ауруханалардағы науқас саны азайып жатыр, бірақ жаңа үлгінің таралуы індетке шалдыққандар санын тағы да арттыруы мүмкін. 

АҚШ-та қаңтардың соңындағы мәлімет бойынша, коронавирустың «британдық» нұсқасы 308 адамнан, ал «бразилиялық» түрі бір адамнан анықталған. 

Ұлттық аллергия және инфекциялық аурулар институтының басшысы, доктор Энтони Фаучидің айтуынша, егер адамдар жаппай екпе алса коронавирустың жаңа үлгілерінің пайда болуы тоқтайды. 

Оксфорд ғалымдарының қорытындысы: Oxford/AstraZeneca вакцинасы тиімді

Оксфорд университетінің ғалымдары Oxford-AstraZeneca вакцинасы вирустың таралуын төмендетеді және алғашқы екпеден кейін-ақ өте жақсы қорғаныс түзеді деген қорытындыға келді. 

«Бұл бүкіл әлемге оксфорд вакцинасының тиімді әрі жақсы жұмыс істейтінін көрсетіп тұр. Ол инфекцияның таралуын үштен екі есеге баяулатып, біз жасаған стратегияның дұрыс екенін дәлелдеді», - деп мәлімдеді Мэтт Хэнкок. 

Бірақ кей елдің ғалымдары бұл вакцинаның жасы үлкен адамдарға тиімділігі толық дәлелденбегенін алға тартып отыр. 

Күштердің бірігуі

Британдық фармацевтика алыбы GlaxoSmithKline мен немістің CureVac биотехнологиялық компаниясы келесі жылы коронавирустың бірнеше түрімен күресе алатын вакцина жасап шығару үшін күш біріктірді. 

CureVac өзінің жаңа вакцинасын желтоқсан айында Еуропа мен Латын Америкасында тестілеуді бастады және наурыз-сәуірге қарай алғашқы жалпылама нәтижеге қол жеткізуді көздеп отыр. GSK қолдауының арқасында компания биыл 300 млн доза шығаруды жосарлаған. 

Ұлттық намыс мәселесі

Францияда екі зертхана коронавирусқа қарсы вакцина өндіріп жатыр. Олардың бірі наурызда Moderna-ны шығаруды бастаса, екіншісі сәуірде Pfizer-BioNTech вакцинасын өндіруге кіріседі. 

Бұған дейін президент Эммануэль Макрон билікті вакциналау процесінің баяу жүріп жатқанына сын айтқан сыншыларға жауап беріп, жақын арада Францияда бірден 4 фабрика вакцина өндіруге кірісетінін атап өткен. 

Отандық фармацевтика алпауыты Sanofi компаниясының вакцинасы биылғы жылдың соңында ғана дайын болатыны туралы мәлімдемесі ұлттық намысқа соққы боп тиіп, билік өкілдері екінші тоқсаннан бастап компания отандық өнімді жасауды жалғастыра отырып, Pfizer-BioNTech-ті өндіргені дұрыс екенін айтты. 

Норвегияда локдаун жеңілдетілуде

Топтасқан сауда орындарында орналаспаған дүкен мен мейрамханалардың ашылуына рұқсат етілді. Бірақ оларда әлі де алкоголь сатуға тыйым салынады. 

Мектептердегі сабаққа енді көбірек оқушылар бара алады. 

23 қаңтарда «британдық» штаммның таралуына байланысты қатаң шаралар енгізілген болатын. Сол кезде пандемия басталғалы алғаш рет Осло мен оның аумағындағы елді мекендерде аса қажет дүкендерден басқасының бәрі жабылған. 

Бұл ретте, Норвегия шекарасы қатты қажеттілік болмаса, барлық қозғалыс үшін әлі де жабық тұр. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері жеке зерттеу жүргізу үшін Ухань қаласында жүр

ДДҰ инспекторлары Трамп әкімшілігі пандемияға кінәлі деп күдіктенген Қытай зертханасына тексеріс жүргізуге келді. 

Ухань вирусология институтында көптеген жылдар бойы вирус тасымалдайтын жарқанаттар зерттелді. Кейбір теориялар бойынша вирус сол жерден сыртқа шығып кетуі мүмкін. 

ДДҰ өкілдерінің айтуынша, ешбір мәліметті назардан тыс қалдыруға болмайды, сол себепті инспекторлар «қажетті сұрақтың бәрін қояды». 

Институттың қауіпсіздік қызметі өкілдері журналистерге ДДҰ инспекторларымен тілдесуге мүмкіндік бермеді. 

Сәрсенбіден бастап әлемде ең жылдам әрекет етіп жатқан Израильдегі вакциналау бағдарламасы 16 жастан асқан азаматтардың барлығын қамтиды. Бұған дейін 35 жастан асқан тұрғынның бәрі вакцина алу керек болатын. 

Дегенмен израильдік сарапшылардың айтуынша, балаларға да екпе жасатпайынша, ұжымдық иммунитетке қол жеткізу қиын. 

Дегенмен, Израильде қолданылып жатқан Pfizer-BioNTech вакциналары 16 жасқа толмаған балаларға мақұлданбаған. 

Сондай-ақ Израильдегі вакцинация процесінің баяулауына араб және ультраортодоксалды қоғам өкілдерінің екпе жасатудан бас тартуы себеп болып отыр деген болжам бар. 

Жазғы Олимпиада және Жапониядағы паралимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеті, сондай-ақ ХОК пен Халықаралық паралимпиада комитеті Токиодағы Ойындар кезінде санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспарын таныстырды. 

Ойын қонақтарының барлығы 14 күн бұрын жеке «іс-шара жоспарын» толтыруы қажет. Онда екі апталық жүріп-тұру, орналасқан жерін ауыстыру сынды қозғалыстың барлығы жазылады. 

Сондай-ақ оларға ән айтуға және мәнерлеп оқуға, құшақтасуға немесе қол алысуға тыйым салынады. Техникалық қызметкерлер мен спортш шенеуніктері де өз құрамасына жанкүйер бола алмауы мүмкін, себебі оларға көрермен ретінде жарысқа қатысуға тыйым салынған. 

Жақында спортшылар мен ойынға қатысушы басқа да азаматтарға арналған ұсыныс жазылған буклеттер жарияланады.