Қазақстан коронавирус бойынша «жасыл» аймақта немесе тәуекелі төмен аймақта тұр. «Қызыл» немесе қауіпті аумақта екі өңір бар. Олар – Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары. Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов ОКҚ брифингінде мәлімдеді.
«Алдыңғы аптамен салыстырғанда «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа Қостанай және Ақмола облыстары ауысты. «Сары» аймақта Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, ШҚО және Атырау облыстары тұр. «Сары» аймақтан «жасыл» аймаққа БҚО ауысты. Қалған өңірлер «жасыл» аймақта. Өткен екі апта ішінде коронавируспен ауырғандар саны 10 процент өсті», - деді. Елімізде өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 777 жағдай тіркелді.
Павлодар облысының Ақсу қаласындағы қарттар үйінде 65 адамнан коронавирус індеті анықталды. Ауруы расталған 33 жан сондағы жұқпалы аурулар аурухасына жатқызылған. Қалған 27 адам дәрігерлердің бақылауында. Бір науқастың жағдайы ауыр. Бұған қоса қарттар үйінің 11 қызметкері індет жұқтырғаны белгілі болды. Жалпы қарттар үйінде 150 адам тұрады. Олардың бәрінен ПТР сынама алынған. Бұл жағдай облыстық денсаулық сақтау басқармасының ерекше бақылауында. Қариялардың жаппай індет жұқтыруына нақты қандай себеп болғанын дөп басып ешкім айта алмайды. Жалпы облыс бойынша коронавирусқа шалдыққандар саны 7 мың 212 адамға жетті. Наурыз айынан бері есептегенде вирустық инфекциядан 62 адам көз жұмды. Сонымен қатар, Павлодар облысында қоғамдық көліктерде санитарлық талаптар күшейеді. Себебі жолаушыға лық толы автобустар саны әлі де баршылық. Ал бұл ковид жұқтыру бойынша қызыл аймаққа кіріп отырған өңірдегі жағдайды одан әрі ушықтырары анық. Сондықтан мониторингтік топ өкілдері жолаушы тасымалымен айналысатын көлік иелері арасында түсіндіру жұмыстары мен тексерісті қатаң қолға алды.
Алматының дәрі-дәрмек қорында 8 миллион дәрі бар. Бұл 68 атау бойынша және жеке қорғану құралдарының екі айға жететін мөлшері бар. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты. Оның айтуынша, бұл мақсатқа 10 миллиард теңге бөлінді: емханалар мен дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге шамамен 5 миллиард теңге бөлінеді. Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев қалада шектеу шараларын күшейте алатын жағдайларды атап өтті. Бұл коронавирус жұқтырып, ауруханаға жатқызылғандардың көрсеткішіне байланысты деді. Мегаполисте пандемияның жаңа толқынына 7000 төсектен асатын 23 стационар дайындалды. Оның ішінде 250-і реанимациялық. Клиникалардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін биыл 4 мыңнан астам жабдық сатып алынды. Оның ішінде 236 өкпені жасанды желдету аппараттары бар.
Алматыда жаңажылдық сауық кештері мен той-думанға рұқсат жоқ. Күз айларынан бері қауіпті дертке 1600-ден астам адам шалдыққан. «Сырқаттанушылар арасында 20-40 жас аралығындағы тұрғындар да жиі кездеседі», - деді қаланың Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин. Карантин тәртібін қатаңдату мақсатында біршама шаралар қолға алынған. Ірі сауда-саттық орындары сенбі күні тек кешкі сағат 17:00-ге дейін ашық. Ал, жексенбіде жабық болады. Дегенмен, мереке қарсаңында сауда орталықтары мен гипермаркеттердің тәулік бойы жұмыс істеу мәселесі қарастырылып жатыр. Жалпы қалада карантиндік шектеуді елемегендерге 780 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 13 іс сотқа жолданған.
Өткен жексенбіде ел аумағына 22 халықаралық рейспен 2860 адам ұшып келді. Олардың 532-інің қолында ПТР анықтама болмай шықты. Атап айтсақ, Нұр-Сұлтан әуежайында 271, Алматыда 200, Оралда 61 жолаушы анықталып, тескерістен өтуі үшін карантиндік стационарға жатқызылды. Дегенмен, бұл азаматтар жасатқан тест ешқандай инфекция белгілері жоқ екенін көрсетті, деп хабарлайды санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.
Қостанай, Рудный және Жітіқара қалаларында санитарлық бекеттер алынды. Бірақ көрші облыстар мен Ресей елімен шекарадағы шектеулер сақтала береді. Бас санитар дәрігердің қаулысымен аймақта карантин шаралары жеңілдеді. Бұдан былай қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысы сағат кешкі 23:00-ге дейін ұзартылады. Қалалық автобустар мен такси осы уақытқа дейін қатынай алады. Фитнес, аква, термопарк, шипажайлар мен демалыс орындары 30 проценттік межемен жұмыс істейді. Дегенмен бұлардың бәрі демалыс және мереке күндері қызмет көрсете алмайды. Тұрғындарға кешкі сағат 23:00-ден таңғы 6:00-ге дейін көшеге шығуға әлі де тыйым салынған. Мұндай шектеу 14 желтоқсанға дейін сақталады.
Қарағанды облысындағы ірі сауда орындары демалыс және мереке күндері де ашық болады. Тек кәсіпкерлер барлық санитарлық талапты сақтай отырып, кешкі сағат 17:00-ге дейін жұмыс істей алады. Бұл шектеудің азық-түлік дүкендері мен дәріханаларға қатысы жоқ. Ал балалардың ойын орталықтары әлі де жабық. Облыстың Бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы жексенбіден бастап күшіне енеді. Айта кету керек, қазір Қарағанды облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақты.
Ақтөбе облысындағы сауда орындары да жексенбі күні жұмыс істейді. Бас санитарлық дәрігердің қаулысы алдағы жұмадан бастап күшіне енеді. Сондай-ақ жанармай бекеттері, техникалық қызмет көрсету орталықтары, аяқ-киім, тігін шеберханалары мен химиялық тазалау қызметі де өздерінің ішкі тәртіптеріне сәйкес жұмыс істей алады. Тамақ жеткізумен айналысатын фудкорттардың қызметіне де рұқсат. Ал, мектепке дейінгі ұйымдар кезекші топтарға 20 балаға дейін қабылдай береді. Дегенмен, Жаңа жылға орай көпшілікке арналған іс-шаралар, балабақшаларда кештер өткізуге болмайды.