28 қаң, 2021 сағат 20:39

COVID-19: Британдық штамның негізгі белгілері жарияланды

Коронавирустың британдық деп аталып кеткен жаңа штамына жөтел, қатты шаршау, тамақ пен бұлшықеттің ауыруы сияқты белгілер тән. Бірақ иіс сезгіштіктің жоғалуы бұрынғы нұсқасына қарағанда қатты байқалмайды. Ұлыбританияның Ұлттық статистика басқармасы осындай тоқтамға келіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС сілтеме жасап.

Ведомствоның қорытындылары Англияда кездейсоқ таңдалған, COVID-19 диагнозы қойылған 6 мың адамға қатысты мәліметтің өңделуінен жасалған. 

Иіс пен дәмді жоғалту сияқты белгілер жаңа штамда азырақ кездеседі. Бірақ бұл штамда әлі де аурудың негізгі үш белгісі бар. Олар: дене қызуы, тұрақты жөтел және дәм сезімталдығының өзгеруі.

Індет жұқтырған адамдардың көпшілігінде осы үш белгінің кем дегенде біреуі анықталған.

Айта кетсек, коронавирустың жаңа штамы алғаш рет Кент графтығында тіркелген еді. Жаңа штамның бастапқы вирусқа қарағанда таралу қабілеті жылдамырақ. Ол Ұлыбританияның барлық аймағынан анықталды. Жаңа инфекцияны жұқтырғандардың санының күрт өсуіне байланысты ондағы билік күнделікті локдаун енгізуге мәжбүр болды.

Бұл штамның өлімге апарар қаупі жоғарырақ деп айтуға негіз бар. Әйтсе де мұны растайтын ғылыми негіз әлі жоқ. Британияда сонымен қатар Оңтүстік Африка мен Бразилиядан жеткен жаңа штамдар да анықталған. Алайда оларға қатысты жекелеген жағдайлар ғана тіркелді. Статистикалық ведомство қызметкерлері жаңа Covid-19 штамымен түскен науқастардың бойындағы ауру белгілерін бір апта бойы талдады. Оларды «бастапқы» штамды жұқтырғандармен салыстырды. 2020 жылдың қараша айының ортасынан бастап 2021 жылдың қаңтар айының ортасына дейін ауырған адамдардың нәтижелері ескерілді. Деректер жаңа штамның бірінші жағдайда сияқты үш емес, екі генмен үйлесетіндігін көрсеткен. Жаңа штамды жұқтырған 3,5 мың адамның ішінде 35% жөтелсе, 32%-ын шаршаңқылық басқан. 25%-ның бұлшық еттері мен бүкіл денесі ауырсынып, шағымданған. Ал 21,8%-ның тамағы ауырды.