Алматыда коронавирус жұқтырғандардың саны 1353-ке жетті. Бұл туралы бүгін онлайн брифинг барысында қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Алматыда қазіргі уақытта коронавирустық инфекцияны жұқтырудың расталған 1353 жағдайы тіркелді.
«Бүгінде Covid-19-дан инфекциялық стационарларда 1135 пациент емдеуде жатыр. Бір пациенттің жай-күйі – өте ауыр, 34-інде – ауыр, 289-ында – ауырлықтың орташа дәрежесінде болса, қалғандарының жағдайы – қанағаттанарлық. 12 665 алматылық медициналық бақылауға алынған. Оның ішінде 312-і - провизорлық стационарда, 345-і - карантиндік госпитальдарда, 12 008-і үй карантинінде отыр», - деді Т.Әбілдаев.
Басқарма басшысы ауруханаға жатқызылғандар ішінен ауыр халдегі науқастар саны соңғы уақытта көбеймегенін айтты.
«Тәжірибе көрсетіп отырғандай, коронавирусты жұқтырғанда науқастың қосымша аурулары жағдайын ауырлата түседі. Сондықтан, созылмалы аурулары бар, әсіресе тыныс алу жүйесі, жүрек-қан тамырлары бұзылыстары бар барлық адамдарға тестілеу жасауға басымдық беріледі. Сондай-ақ, Covid -19 қауіп тобына ЖРВИ, пневмония белгілері бар адамдар, медицина қызметкерлері, қала аумағындағы әр түрлі әскери бөлімдерден әскери қызметшілер, карантинге қойылатын талаптардың сақталуын бақылау мақсатында патрульдеуші құрам, ІІМ жүйесінің қызметкерлері, бұғаттау бекеттеріне жұмысқа тартылған адамдар енгізілген. Қала бойынша аталған контингент Алматы қаласы Бас санитарлық дәрігерінің кестесіне сәйкес коронавирустық инфекцияға міндетті түрде тексеріліп жатыр», - деді Т. Әбілдаев.