Coursera ірі білім беру платформасында тегін онлайн-оқуға өтінімдерді қабылдау аяқталуда. Қазірдің өзінде 40 мың қазақстандық өздерін қызықтыратын курстардан өтуде, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Әлемдегі ең танымал Coursera онлайн-оқыту платформасы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен (бұдан әрі – Еңбекмині) және «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-мен бірлесіп қазақстандықтар үшін тегін онлайн-білім берудің ауқымды жобасын іске асыруда. Жоба 31 қазанға дейін есептелген, алайда ұйымдастырушылар арасында курстарға тіркелу мерзімін 2020 жылғы 14 желтоқсанға дейін және өтеусіз негізде оқу мерзімін 2021 жылғы 15 ақпанға дейін ұзарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Бүгінгі таңда 40 мыңнан астам азамат 500 курс бойынша білім алуда. 17 мыңнан астам қатысушы бір мезгілде 2 және одан да көп курстарда оқып жатыр.
Оқытудың ең танымал бағыттары: бизнес, IT және компьютерлік ғылымдар, тілдерді оқыту, жеке даму және деректер туралы ғылым болды. 11 мыңға жуық қатысушы бизнес-ағылшын тілінің дағдыларын жақсартуда. Python тілінде бағдарламалау дағдыларын 7 мыңнан астам адам меңгереді. Қазақстандықтар SMM негіздерін оқытуды, жобалармен жұмыс жасауда Agile және Scrum пайдалануды, Adobe Photoshop, өмір ісін іздеу негіздерін және кәсіпкерлік дағдыларды жиі таңдайды.
Курстарда оқитындардың ең көп саны (9,6 мың адам) 31-ден 40 жасқа дейінгі жас санатына кіреді. Бұдан кейін 26-30 жас аралығындағы топтар – 8,5 мың қатысушы, 21-25 жас аралығындағы топтар – 8 мың, 20 жасқа дейінгі топтар – 6 мың оқушы.
Бүгінгі таңда 8 мыңнан астам қатысушы оқуды сәтті аяқтап, сертификат алды.
Естеріңізге сала кетейік, Coursera білім беру платформасы әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінен (GOOGLE, IBM, Facebook, Stanford University, Yale University, Johns Hopkins University, Princeton University және т.б.) 4 мыңнан астам тегін курстардан өтуге бірегей мүмкіндік береді. Аталған курстарда түрлі дағдыларды, соның ішінде математикалық, коммуникативтік, кәсіпкерлік, бағдарламалау, статистикалық талдау, деректерді басқару және көшбасшылық дағдыларын меңгеруге болады.
Ағымдағы жылғы 14 желтоқсанға дейін Электрондық еңбек биржасы арқылы өтінім бергендер және www.coursera.org платформасында тіркелгенін растағандар үшін Coursera алаңында тегін оқыту курстары 2021 жылғы 15 ақпанға дейін қолжетімді.